63 мың теңгеден аз алатын қазақстандықтардың жалақысы өсті

Президенттің бес әлеуметтік бастамасының бірі – жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту болатын. Бүгін үкімет отырысында ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов өзгерістер 1 қаңтардан бастап күшіне енгенін атап өтті.

"Салық кодексінде жалақысы 63 125 теңгеден төмендер үшін тәртіп өзгерді. Олардың салық жүктемесі 10 есе төмендетілді және 2 миллионға жуық жұмысшы жылына 15 мың теңгеге дейін қосымша кіріс алады", — деді Дәленов. 

Оның айтуынша, жергілікті бюджеттердің шығындарын өтеу бойынша өзгерістер 2019-2021 жылдары жергілікті бюджеттердің 93,7 миллиард теңге мөлшеріндегі шығындарына әкеледі. Аталған шығындар республикалық бюджет комиссиясының 2018 жылғы 2 сәуірдегі отырысында қаралды және мақұлданды.


"Жергілікті бюджеттердің кірістері жеңілдік есебінен төмендемейді", — деді ол.