Бұл Алматыдағы «Мамыр» ықшамауданында жалғаса салынып жатқан тұрғын үй құрылысы. Мемекеттік бағдарлама бойынша, жыл аяғында бітуі тиіс. Бірақ мұнда біткенінен, бітпеген іс әлі көп. Өйткені нысанда жұмысшы атаулының тұрақтауы қиын. Әрине, жалақының дер кезінде төленбеуі кесірінен.
Зухра Жолмырзаева, құрылысшы:
- 400 мың теңге ақшам бар, осында істегенмін. Соны ала алмай жүрмін. Қазір басқа фирмаға жұмысқа кеттім, бірақ осында күнде келемін ақшама. Бала-шағам бар, оларды немен асыраймын?!
Бұл сұрақты Зухра күнде фирма басшысына қоюға келеді. Қасында өзі тәрізді күй кешкен әріптестері бар. Бірақ оған «арызын тыңдап, ақшасын төлей қояйын» деген компания басшысы жоқ. Жалпы «Қуаныш-С» 108 жұмысшысына 54 миллион теңге берешек екен.
Өсербай Қожабергенов, құрылысшы:
- 7 ай болды. 7 айда қайта-қайта келумен аяғымызды да тоздырдық, халық та әбден шаршап бітті. Оның барлығы жұмыс істеген адамдар. Өмір сүру керек қой, күнделікті. Ондай жағдай бірақ мұнда жоқ. Директоры бір сөзі айтады, орындасары басқа айтады.
«Қуаныш-С»-тің қожайындары бізбен де тілдесуді құп көрмеді. Сондықтан мәселенің мәнісін Алматының құрылысына жауапты тұлғалардың түсіндіруіне тура келді.
Темірхан Арынбаев, Алматы қалалық әкімді құрылыс бөлімінің бас маманы:
- Материал былай тұрсын, біріншіден жалақыны төлеуі керек. Уақытылы. Уақытылы төленбегеннен кейін осындай жағдай болып отыр. Енді қазір біз өз бақылауымызға алып жатырмыз. Қала әкімінің бақылауында.
Бақылап қана қоймай, әкімдік нысанның құрылысы біткен соң «Қуаныш-С»-ті бірден лицензиядан айырмақ. Ал жұмыс тоқтамас үшін қала бюджетінен тағы 100 млн. теңге бөлімге әзір. Оның 35 млн. жиналған жалықыға кетуі тиіс. Айта кетсек, жыл басында дәл осы фирмаға қатысты тағы бір дау туған еді. Ол кезде Ақтаудан ат терлетіп келген бір топ құрылысшы 30 млн. теңге жалақының берілмегенін айтып, компанияның бас кеңсесі алдында қарсылық шарасын ұйымдастырған болатын.