Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысы айқындап берген басымдықтардың бірі – мектеп инфрақұрылымындағы қордаланған проблемаларды жою. Осы мақсатта кейінгі жеті жылда 1 300-ден астам жаңа мектеп салынды, апатты және үш ауысымды білім ошақтарының саны айтарлықтай азайып, материалдық-техникалық база жаңартылды. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Жасампаздыққа жетелеген жеті жыл» атты мақаласында айтылды.
Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ғана 2023–2025 жылдары бүкіл еліміз бойынша ең жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 217 мектеп салынды, - делінген мақалада.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы TALIS-2024 халықаралық зерттеуіне сәйкес, Қазақстан мұғалімдердің еңбекақысымен қанағаттану деңгейі бойынша әлем елдерінің үздік бестігіне кіргеніне тоқталды. Егер 2018 жылы бұл көрсеткіш небәрі 39% болса, 2024 жылы 71%-ға жетті. Еліміздегі педагогтердің 95%-ы өз жұмысына көңілі толатынын айтты.