70 мемлекет ресми түрде «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатындығын растады

Жүздесу барысында тараптар «жасыл энергетика» саласындағы ынтымақтастықтың келешегі жөнінде пікір алмасып, Астанада өтетін көрмеге Латвияның қатысу мәселелерін талқылады. Осыған орай, Рәпіл Жошыбаев Қазақстанның көрмеге дайындық шеңберіндегі атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндады. Сонымен қатар, комиссар латвиялық тараптың «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың күшеюіне тың серпін беретінін атап өтті.

Ю. Погребнякстың айтуынша, Латвия Халықаралық көрме бюросына мүше емес  елдердің қатарында бірнеше рет ЭКСПО көрмесінің қатысушысы болған. Елшінің сөзіне қарағанда, «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатындығын растау арқылы Латвия Қазақстанға деген жоғары қызығушылығын және ерекше достық қатынастарын көрсетіп отыр.

Айта кетерлігі, Латвия 2020 жылға дейін әлемдегі мейлінше «жасыл» мемлекет атануға ұмтылыс жасап отырған елдердің бірі. Осыған орай, Елші Қазақстанмен «жасыл энергетика» саласында одан әрі ынтымақтасуға дайын екендігін атап өтті.

«Латвия - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жасыл көпір» бағдарламасын даярлау бастамасын қолдаған алғашқы мемлекеттердің бірі. Латвияның жаңартылатын энергия көздері бойынша тұтыну үлес көрсеткіші 37,1 пайызды құрап, Еуропа Одағы шеңберінде Швециядан (52,1) кейінгі ең жоғары нәтижеге қол жеткізді», - делінген баспасөз баянында.


Еске сала кетейік, Латвия «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатындығын ресми түрде растаған 70-ші мемлекет болып табылады.