70 жастағы зейнеткерді қағып өлтірген астаналық прокурорға қатысты сот басталды

Кінәсін ішінара ғана мойындаған Мақсат Шыңғысов сотқа қос бірдей адвокатымен келді. Енді басталған карьерасына қара дақ түскен прокурордың еңсесі түсіңкі. Ешкімге тіктеп қарай алмады. Қорғаушыларының жанына тығылған жігітке залға кіріп келген судья лайықты орнын көрсетіп берді.

- Бұл орныңыздан тұрыңыз.

Сөйтіп қолхатпен бостандықта жүргендіктен торға емес, алдыңғы қатарға барып жайғасты. Іс бойынша 3 жәбірленуші бар. Солардың бірі марқұмның туған ұлы. Ол бүгін туыстарын сотта естен тандыра жаздады. Ешкімге айтпай айыпталушыны «кешірдім» «қылмыстық іс тоқтатылсын» деп қолхат жазып беріпті.

25 жастағы Мақсат Шыңғысов тақымдаған қымбат шетелдік көлік дәл осы жерде, қаңтар айында қарияны қағып өлтірген болатын. Прокурордың артына бұрылып қарауға да шамасы келмей, оқиға орнынан қашып кеткен. Онысын қатты шошынғанымен түсіндіріп отыр. Ал қансырап далада жатып қалған 70 жастағы зейнеткер көз жұмды. Теміржол саласының құрметті ардагері, ұзақ жылдар бойы жолсерік болып істеген Жақсылық Ақпановқа шұғыл дәрігерлерік көмек көрсетілгенде аман алып қалуға болар еді. Ал бүгін айыпталушының адвокатынан бөлек, судья да жәбірленушілерді «келісімге келіңдер» деп ашықтан ашық үгіттеді.


Бақыт Күзенбекова, марқұмның қарындасы:

 -«Келісімге келіңдер» деген сөз айтып жатыр. Тағы сот болады. Біз қазақпыз, 4 адамды басқанда да келісімге келгенбіз. Қайтқан адамның рухына тиісесіздер деп.

Бірақ қалған 2 жәбірленушімен мәмілеге келмей істің жабылуы қиын. Олар 12 миллион теңге өтемақыдан бас тартсақ та, «келісімге келмейміз» деп бекініп отыр. Ал үмітін үзбеген прокурор марқұмның жақындарынан әлі кешірім сұрап жүр.

Мақсат Шыңғысов, айыпталушы:

- Мен қасақана барып басқан жоқпын.

- Жұмыстан қайтып келе жатқанмын.

- Шын айтамын.

- Кешіріңіздерші, өтінемін.

-Осы оқиғадан кейін Мақсат Шыңғысов қызметінен де қуылды. Енді Сенаттың мақұлдауын күтіп тұрған Қылмыстық Кодекс өз күшіне енбейінше, жазадан сытылуды ойлап отыр дейді жәбірленуші тарап. Жаңа құжат бойынша, кісі өлімі болған жағдайда келісімге келуге рұқсат етілмейді. Ал заңдағы бұл олқылықты бұған дейін Алматыда 6 студентті қағып, біреуін мерт қылған астаналық прокурордың аттасы Мақсат Үсенов қолданып жауапкершіліктен жалтарып кеткен еді.