Осыдан 70 жыл бұрын Кеңес Одағы 1949 жылы 29 тамызда Семейде алғашқы ядролық бомбасын жарды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Қырық жылға созылған осындай сынақтар барысында 470 ядролық жарылыс жасалды. Оның 118-і жер үстінде, 352-сі жер астында өткізілді. Ядролық жарылыстармен бірге Семей полигонында химиялық жарылғыш заттарды қолдану арқылы 175 жарылыс болды.
Кариб дағдарысынан соң 1963 жылы БҰҰ «Ядролық қаруды атмосферада, суда және космоста қолдануға тыйым салу туралы Шарт» қабылдады. Осы Шарт болмағанда советтер қазақ даласында ашық жарылыстар жасауын тоқтатпауы да мүмкін еді.
Қазақ ССР-де халық шаруашылығына қажет деген желеумен 39 рет жер астында «бейбіт ядролық жарылыстар» жасалған. Ол қазіргі Ақтөбе, Атырау, БҚО, Түркістан, ШҚО, Ақмола, Маңғыстау, Қостанай облыстарының аумағында.
1960 жылдары Маңғыстауда жасалған жарылыстан соң түбектегі құдықтар кеуіп қалған. Бұрын жатқан түйе көрінбейтін шөп өсетін дала тақырға айналған. Мақсат - кенді үгіту, газ, мұнайды өндіруді арттыру, пайдалы қазбаларды табу, газдың жер астынан атқылауын тоқтату болған. Ол жерлерде әлі сәулелену бар, жерасты сулары уланды. Экология ғылымында «Ядролық жарылыс болған жердің экологиясы қатты бұзылады. Ол толық табиғи қалпына келуі үшін кемінде 150 жыл керек» дейді.
Кеңес Одағын билеген топ ешкімді аяған жоқ. Мысалы, 14 қыркүйек 1954 жылы Орынбор облысындағы Тоцкое станциясы маңында "Снежок" атты әскери жаттығу өткен. Ол жерде мақсатты түрде ядролық жарылыс жасалып, нәтижесінде 43.000 солдат өлген. Операция «өте құпия» айдарымен сақталып, бәрінен 25 жыл ешкімге ештеңе айтпау туралы қолхат алған.
Семей полигонындағы ең соңғы ядролық жарылыс 1989 жылдың 19 қазанында жасалды. Содан кейін Семей полигоны Қазақстан президентінің жарлығымен 1991 жылғы 29 тамызда жабылды. Полигонның жабылғанына қарамастан, ядролық сынақтардың зардабын бүгінгі ұрпақ әлі де тартып келеді. Мамандар тағы 5-6 буынға оның салдары жалғасады деген болжам айтады. Жалпы бұл радиациядан зардап шеккендердің саны 2 млн. адамнан асады.