Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Түркістанда полицейлер пәтер ұрлығы дерегін дер кезінде анықтап, қылмыстың бетін ашты. Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арыздана отырып, өз үйінен алтын бұйымдары мен қаражатының ұрланып жатқанын хабарлаған.
“Арыз түсе салысымен тәжірибелі жедел уәкілдерден арнайы топ құрылып, барлық қажетті іс-шаралар жедел түрде жүзеге асырылды. Жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстары барысында күдікті ретінде жәбірленушінің келіні анықталды. Ол биыл мамыр айынан бері үйден түрлі мөлшердегі алтын әшекейлер мен қолма-қол ақшаны жасырын түрде ұрлап келген.
Жәбірленушіге келтірілген жалпы материалдық шығын 8 500 000 теңгені құрады. Күдікті ұрланған алтын бұйымдарды ломбардқа өткізіп, түскен ақшаны түгелдей құмар ойындарына жұмсаған. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде”, - делінген полиция хабарламасында.