– Өзіңіз, отбасыңыз жайлы айтып кетсеңіз. Сегіз бірдей баланы тәрбиелеп өсіру қиынға соқпады ма?
– Өзім 1988 жылы Тараз қаласында дүниеге келдім. Үйленгенмін, жұбайым өзімнен бір жас кіші, Жамбыл облысының тумасы. Қазіргі кезде ол қаламыздағы №7 поликлиникада есепші болып жұмыс істейді. Жалпы қазір қолымызда алты баламыз бар, олардың төртеуі өзіміздің туған балаларымыз. Негізі сегіз еді, екеуі бөлек шығып кетті. Ең алғаш ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қолымызға алғанда әлі жас едік. Ол кезде келіншегім балалар үйінде жұмыс істеді: ата-анасы оны балалар үйіне жұмысқа тұрғызыпты. Он жылдай сонда болды. Тәрбиеші болып жұмыстан қысқарылып қалған. Ең бірінші бір қыз асырап алдық. Ол кезде әке-шешеміздің көзі тірі еді. Біз азаннан-кешке дейін жұмыстамыз, балаларға қарайтын адам болмай, соларға да қолғабыс болсын дегенбіз. Бізге 12 жасында келді. Ата-анамыздың арнайы рұқсатын алдық. 19 жасқа келіп, өзі бөлек шығуға рұқсат сұрады. Басында қимадық. Әйелім "өзінің бағы күтіп тұрған шығар, батамызды берейік" деді. Бұдан кейін бауырымызға басқан үш ағайынды баламыз бар. Солардың үлкені де бөлек шыққысы келіп жүрді. Оны да жібердік. Енді ол ер бала ғой. "Әбден жабайы болып өстім, көше тәрбиесін көрдім" деп қоймай қойды. Олардың аналары қайтыс болып кеткен. Бұрын көршілері шағым жасап, ата-ана құқығынан айырған екен. Басында аналары келіспеген. Балалар үйіне "Үміт" қоры арқылы келіпті. Өмірлерімен танысып шықтық. Ал қызымыздың биологиялық анасы бар. Ол қызынан бас тартыпты. Қызының ақшасы барын біліп, кейін бір ретінде іздеп келген. Өзінің де жағдайы жоқ. Қызы "менен бас тартқанындай, мен де сенен бас тартамын" деген. Қыздың көңілі қатты қалған. Біз де "анаң ғой" деп айтып, жүрегіне қатты алмашы дедік. Бірақ ондайда ашуланып кетеді. Қызымыз өте жақсы, қазір Алматыда жұмыс істейді. Ал үлкен ұлымыз қазір Нұр-Сұлтан қаласында теміржол саласында оқиды, жатақханада тұрады. Таразда бұзақы болып кете ме деп қорықтым. Қазір екеуі де өзіміздің жеке қадағалауымызда. Күнде хабарласып тұрамыз. Аллаға шүкір! Бірте-бірте армандарына да жетіп жатыр.
– Балалар бір-бірлерін бөтенсінбеді ме?
– Әйтеуір балаларымыз бір-бірлеріне бауыр басып кеткен. Қиналсақ бізге жандары ашиды. Қолымыздан келгенше тәрбие бердік. Оларға "жаман жолға түсіп кетпеңдер, жаман достармен араласпаңдар" деп жиі ақыл-кеңес айтамын. Күнделікті хабарын білетінім де осы. Бұзық біреулермен қосылып, сабақтары жайына қалмаса екен дейміз. Оқу барысында да белсенді. Қатысқан сайыс пен жарыстарының видеоларын жіберіп қояды. "Бүгін грамота алдық" деп қуаныштарын бөлісіп жатады. Бұлардың үшеуі де "әке" дейді.
– Ойларыңызға балаларды асырап алу қайдан келді?
– Мен өзім жалғыз өскенмін. Туған бауырларым болмаған. Әке-шешем жұмысбасты болып, бір баланы туғандарының өзіне риза болып жүре берген. Есімімді де "Ермек" деп сол үшін қойған. Содан кейін келіншегіме бала асырап алайық деп айттым. Әрине, біз де бір кісідей қорықтық. "Ертең балалар бізге бағынбай, беттерімен кетсе не істейміз" деген ойлар да болды. Қайта бәрі бізді тыңдады. Арасында ұрысып қоямын. "Бұзақылыққа барушы болмаңдар" деймін.Өзім түзу жолда өстім. Өйткені ата-әжемнің қолында жетілдік. Келіншегіме "мүмкіндігінше балалы болайық" дейтінмін. Біреуі жақсы, біреуі жаман болса да, бәрібір өз балаларымыз ғой. Бастысы, бізді іздейтін жандар бар. Жалғыз болғанымнан кейін, әке-шешеме өзім ғана қолғабыс қылдым. Жұмысқа тұрған соң, олар ауырып қалды. Қарайтын адам болмай, өзім де сары уайымға салындым. Сол бір кездері өмірді қатты түсіндік. Ағайынның бір бас болғаны өте қиын екен! Көп бас болса, бір-біріне проблемасын айтуға мүмкіндіктер болады. Отбасымыздың сондықтан да үлкен болғаны жақсы. Кейін балаларды тағы да асырағымыз келген. Бірақ тәрбиелеп отырған балалырмызды ойлап, одан да үлкен жауапкершілік алмайық деп шештік. Енді бұларды да оқытып, әрқайсысын ұяға қондыру қажет. Бәріне "үлкенді міндетті түрде тыңдау керек" деп ақыл айтамын. Алла қаласа, бір-біріне қолғабыс болады. Бұл екеуінің армандары асқақ. "Оқуды бітіріп, осы үйге келін түсіреміз" деп қояды. Жастары 16-ға келді. Ешқайсысын бөліп жармаймыз. Содан кейін де мақтана аламын. Мемлекетті де жамандамаймын. Балаларға да қарайласады. Мейрамдардан қалдырмай арнайы шақырады. Департаменттен де келіншегім грамотасын да алған. Бірақ қызметтегі барлық әріптестерім білмейді. Тек өзім жақын араласатын санаулылары ғана естіген. Аллаға шүкір, Құдай ешкімнен көмек сұратпады! Балалар аман-есен өсіп жатыр. Уақытында қыдыратын жерлерге де қыдырдық. Мемлекет бұларға осыны ғана берді деп шектелмедім. Алдында қызымыз бар кезде Ыстықкөлге барып демалатынбыз. Шымкент, Алматы көптеген қалаларға да бірге бардық. Одан қалса Қорғасқа дейін шулап қайттық. Балалардан еш аямаймын. Бәрі осылардың нәсібі. Өзіміз де жаман болмадық. Дінімізде де "жетім көрсең, жебей жүр" дейді ғой. Сауабы бар екен. Оған өзімнің көзім жетті. Жұмыссыз жүрген кездеріміз болған. Вахталық жұмыстардан әбден қиналдым. Отбасымның алыста болғаны жаман екен. Осы балаларымыз келгелі қазір қызметім дұрысталды, полиция болып еңбек етудемін.