Рухани келісім күні. 1992 жылы қазанда Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматы қаласында Рухани келісімнің 1-інші әлемдік конгресі өтті. Конгреске қатысушылар қазанның 18-ін рухани келісім күні - қақтығыстар мен жанжалдарға тоқтам салу күні, татулық іздеу күні, жақынға қайырымдылық және көмек күні деп жариялау туралы манифест қабылдады. 1992 жылдан бастап бұл күн Қазақстанда атаулы күн ретінде атап өтіледі.
Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1991). Әзербайжан - Азияның батысында Кавказ аймағында орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Ресеймен, солтүстік-батысында Грузиямен, оңтүстігінде Иранмен, батысында Армениямен, шығысында Каспий теңізімен шектеседі. Астанасы - Баку қаласы. Мемлекеттік тілі - азербайжан тілі. Ақша бірлігі - манат.
Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы тамыздың 27-інде орнатылды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
87 жыл бұрын (1926) Солтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік мұрағаты құрылды.
62 жыл бұрын (1951) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Қазақ КСР халық соттарын сайлау туралы ереже бекітілді.
23 жыл бұрын (1992) Алматыда рухани татулық жөніндегі бірінші дүниежүзілік конгрес өтті. Оған дүние жүзіндегі аса ірі діни ағымдардың өкілдері, танымал рухани ілім басшылары, ғалымдар, жазушылар, оқу-ағарту және мәдениет қайраткерлері АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Италия, Австрия, Үндістан, ТМД елдерінен келді.
16 жыл бұрын (1997) Алматыдағы 8 март көшесіне Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың есімі берілді.
95 жыл бұрын (1918) Чехословак телеграф агенттігі құрылды. 1992 жылғы қазанда 21-індегі парламент заңына сәйкес Чех телеграф агенттігі (ЧТА) болып қайта құрылды.
74 жыл бұрын (1939) Қарағанды облысының Ұлытау ауданы құрылған. Аудан орталығы - Ұлытау селосы. Аудан жері Сарыарқаның төбелі-қырқалы, аласа таулы (Ұлытау, Кішітау, Арғанаты, Желдіадыр) батыс бөлігін қамтиды. Аудан құрамына 15 ауылдық округ және 25 елді мекен кіреді.
19 жыл бұрын (1994) 18-19 қазан күндері Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Стамбулда өткен түркітілдес мемлекеттер (Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркменстан, Өзбекстан, Түркия) басшылары жоғары дәрежедегі екінші басқосуларына қатысты. Кездесу барысы Стамбул декларациясын қабылдаумен аяқталды.
9 жыл бұрын (2004) Алматыда «Деректі фильмнен көркем киноға дейін» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Авторы - іскерлік әкімшілік басқарудың докторы, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Мақат Садық. Кітап тек кәсіби кинематографистерге ғана емес, сонымен қатар қазіргі заманғы қазақ мәдениетінің дамуына қызығушылықпен қарайтын бұқаралық оқырмандарға арналған.
6 жыл бұрын (2007) Талдықорғанда велоспорттан Қазақстан Республикасы Олимпиадалық дайындық орталығы (ОДО) ашылды.
Қазақстанда 3 ОДО жұмыс істейді. Олар - бокстан, күрестен және ауыр атлетикадан. Талдықорған өзінің трассаларында қазақстандық велоспорт мектебінің ең таңдаулы тәрбиеленушілерін қабылдау құрметіне ие болды. Қала әлемге дарынды веложүйріктер - Бондаренконың, Кухарскийдің, Жарковтың, Кивилевтің арқасында танымал болды.
Алматы облысының орталығында велоспорттан олимпиада базасы орналасуы үшін барлық жағдай бар. Ал облыс басшылығы спорттың бұл түріне жан-жақты қолдау көрсетіп отыр.
22 жыл бұрын (1991) КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының соңғы мәжілісі өтті.
ЕСІМДЕР
89 жыл бұрын (1924-1979) көрнекті жазушы және аудармашы ДҮЗЕНОВ Мұхамеджан дүниеге келді.
Қостанай облысының Жангелдин ауданында туған.
М.Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген. Қазақ радиосында, Абай атындағы опера және балет театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі, Қостанай облыстық газетінің меншікті тілшісі, мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесші, Қазақ радиосы комитетінің бас редакторы, Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуар-редакция алқасының бас редактор қызметтерін атқарған.
Алғашқы өлеңдері мен әңгімелері 1949 жылдан баспа беттерінде жарық көре бастаған. «Ақ әже», «Ұзақтың жолы», «Сын Тлектеса» повестерінің, «Әке болғым келеді», «Ант» романдарының авторы.
1967 жылы бір актілі пьесалар конкурсында «Аралдың алтын балығы» туындысы екінші бәйге алды. Прозалық шығармалары бірнеше дүркін бүкілодақтық «Советский писатель» баспасында да жарық көрді. Ол В.Васильевскаяның «Пламя на болотах» романын, С.Маршактың «Умные вещи» пьесасын, Л.Кассильдің «Ход белой королевы» туындысын қазақшаға аударған.
78 жыл бұрын (1935-2004) машина жасау саласындағы ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор ЯНЦЕН Иван Андреевич дүниеге келді.
Ресейдің Ставрополь өлкесінде туған. Қарағанды политехникалық институтын бітірген. 1959-1968 жылдары - Қарағанды политехникалық институтының ассистенті, доценті, 1968-1999 жылдары - кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған.
72 өнертабыстың және 1 патенттің авторы.
Негізгі ғылыми еңбектері мен өнертабыстары жол құрылысы машиналарындағы активті гидроимпульстік жүйелердің теориялық негізін жасауға арналған. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері.
53 жыл
бұрын (1960) танымал әртіс, әрі режиссер ЖАН-КЛОД Ван Дамм (шын ата-тегі - Ван Варенберг) дүниеге келді.
Бельгияда туған. Бала күнінде балетпен шұғылданса, одан кейін каратэмен және кикбоксингпен айналысып, 1980 жылы Еуропа чемпионы атанады. Бір жылдан кейін АҚШ-қа келіп, 1983 жылдан бастап кино саласына бет бұрды. 1986 жылы түсірілген «Берілме де, тайсалма!» киносындағы сомдаған рөлі қалың бұқараны дүр сілкіндірді. Одан кейін шет ел көрермендеріне, оның ішінде, Азия жұртшылығының назарына арнап, шығыс жекпе-жек өнерін паш ететін, 1987 жылы түсірілген «Қанды спорт», 1988 жылы «Қара қыран», «Киборг» және 1989 жылы «Кикбоксер» фильмдерінде ойнады. Сондай-ақ өзі де жекпе-жекке арналған бірқатар шығармалар, басқа режиссерлермен бірлесіп «Екі есе соққы» фильмін түсірді. «Универсальный солдат» (1992), «Трудная мишень» (1993), «Патруль времени» (1994), «Уличный боец» (1994), «Внезапная смерть» (1995), «Максимальный риск» (1996), «Команда двоих» (1997) атты фильмдері оны АҚШ-та жетістікке жеткізді.
87 жыл бұрын (1926-1995) сыншы, аудармашы РОВЕНСКИЙ Николай дүниеге келді.
Ресейдің Алтай өлкесінде туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. «Простор» журналының бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі болған. Оның бірнеше сын кітабы жарық көрген. Б.Майлиннің, С.Мұқановтың, Р.Нұрғалиевтің, Ө.Қанахиннің шығармаларын орыс тіліне аударған.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
42 жыл бұрын (1971) «Назарбаев университетінің» медицина мәселелері жөніндегі кеңесшсі, YAWA Smart Solution аға әріптесі БІРТАНОВ Елжан Амантайұлы дүниеге келді.
Тараз қаласында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын бітіріп, АҚШ, РФ, Түркия, ГФР-де еңбек өтілінен өткен. Алматы қалалық, Республикалық токсикология орталығында лауазымды қызметтер атқарған. ҚР Денсауық сақтау вице-министрі болды. 2010-2013 жылдары "Ұлттық медициналық холдинг" АҚ басқарма төрағасы.
Қазіргі қызметінде - 2013 жылғы сәуірден бері.
272 жыл бұрын (1741-1803) француз жазушысы, хат түрінде жазылған «Қауіпті байланыс» психологиялық романның авторы ЛАКЛО Пьер (Шодерло де Лакло) дүниеге келді.
47 жыл бұрын (1966) ҚР көлік және коммуникация министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы САҒЫНОВ Замир Садықұлы дүниеге келді.
Орал облысында туған. Өскемен құрылыс-жол институтын «Автомобиль жолдары» мамандығы бойынша тәмамдаған, инженер-құрылысшы. 1991 -1998 жылдар аралығында Фурманов аудандық автожол мекемесінде жол мастері, прораб, Облыстық "Орал жолдары" қазынашылық кәсіпорынын бас инженері, жол қауіпсіздік байланыс және жол қорғау бөлімінің бас маманы болып қызмет еткен. 1999-2006 жылдар аралығында Батыс-Қазақстан облыстық "Қазақавтожол" РМҚК пайдалану жөніндегі директор орынбасарының міндетін атқарушы, Батыс Қазақстан облыстық Автомобиль жолдары басқармасының бастығы, Казталов ауданының әкімі лауазымын атқарған. 2006 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Көлік инфрақұрылымын дамыту комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметіне, 2008 жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Көлік инфрақұрылымын дамыту комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалды.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы қызметін атқарады.
«Ерен еңбегі үшін», «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған.
44 жыл бұрын (1969) «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Огай Эдуард Викторович дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. 2011 жылдың мамыр айында Kazakhmys PLC компаниясының Атқарушы директоры болып тағайындалды. Топ құрамында 2001 жылдан бастап Маркетинг және Халықаралық қатынастар жөніндегі директор қызметінде жұмыс істей бастады. 2005 жылы Корпоративтік даму жөніндегі Директоры болып тағайындалды. Кейін 2006 жылы "Қазақмыс Корпорациясы" ЖШС Басқармасының Төрағасы болып тағайындалды.
214 жыл бұрын (1799-1868) неміс химигі Кристиан Фридрих ШЁНБЕЙН дүниеге келді.
166 жыл бұрын (1847) орыс электротехнигі, электр шамын жасаушы ЛОДЫГИН Александр Николаевич дүниеге келді.
112 жыл бұрын (1901-1956) кеңестік композитор, Пятницкий атындағы хордың жетекшісі, КСРО халық әртісі ЗАХАРОВ Владимир Григорьевич дүниеге келді.
78 жыл бұрын (1934-2003) кеңестік балалар жазушысы-фантаст Кир БУЛЫЧЁВ (шын аты-жөні - Игорь Всеволодович Можейко) дүниеге келді.
54 жыл бұрын (1959) ресей журналисі, тележүргізуші ДОРЕНКО Сергей Леонидович дүниеге келді.
40 жыл бұрын (1973) ресей театры мен киносының актері, Ресей халық әртісі БЕЗРУКОВ Сергей Витальевич дүниеге келді.
88 жыл бұрын (1925-2011) албан мемлекет қайраткері, Албанияның президенті (1991-1992), Албания Еңбек партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Рамиз АЛИЯ дүниеге келді.