8 жылда Астанада негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 6,3 есе өсті

"1997-жылдан бері негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 6,3 есе өсті. 2004-жылы бұл инвестицияның көлемі 192 млрд. теңгені құраса, биылғы жылдың қаңтар-мамыр айларында инвестиция көлемі тағы 38 млрд. теңгеге өсті",- деді Ө.Шүкеев. "Аталған мерзімде мемлекеттік инвестициялардың үлес салмағы негізгі капиталға салынған жалпы инвестиция көлемінің 33,4 процентін құрады",- деді ол.

"Бүгінде Елордасын дамытуға арналған инвестиция еліміздің энергетикалық кешеніне жұмсалған инвестициямен бірдей пайдалы болуда. Астана - ұлттық экономиканы дамыту көзіне айналды",- деді қала әкімі.
Оның айтуынша, Елордасын көшіргеннен бері "Астана қаласының аймақтық жалпы өнім мөлшері қолданыстағы бағаға сәйкес 12,7 есе өссе, республиканың Жалпы ішкі өнімі құрамында Астананың үлесі 4 есе өсті". "Егер 1997-жылы Елордасы аймақтық жалпы өнім мөлшері бойынша аймақтар арасында соңғы орында болса, қазір бесінші орынға шықты",- деді Ө.Шүкеев.
"2004-жылы өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 47 млрд. теңгені құрап, 1997-жылғымен салыстырғанда 2 есе өсті. Биылғы жылдың қаңтар-мамыр айларында өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 20 млрд. теңгеден асты",- деді ол.
Ө.Шүкеевтің айтуынша, "8 жылдың ішінде қалада жұмыс істейтін шетелдік және бірлескен кәсіпорындар саны 10 есе өсіп, 40-тан 409-ға жетті. Ал олардың жиынтық капиталы 100 есе өсіп, 231 млн. теңгеден 25 млрд. теңгеге жетті".