Осындай ақшаға "Тойотаны" шығаратын зауыт салып қояр едік қой. Сонда 8 жыл тоналған халықты ары қарай қанауды қолдаймыз ба? Caravan.kz медиа порталы материал ұсынады. Журналист Бекболат Қаржан өзінің фейсбук парақшасында пікір білдірді.
"Жасыл Даму" АО утилалымнан жиналған қаражаттың көлемін жариялады. Бұдан бұрын да "Оператор" РОП ЖШС жария еткен еді. Қазір бәрі "Жасыл Даму" АО-ға берілді.
2016 жылдың қыркүйегінен 2021 жылға дейін "Оператор" РОП ЖШС-не халықтан 614,5 миллиард теңге жиналған.
Ал, "Жасыл Даму" АО 2022 жыл мен 2023 жыл арасында 447,3 миллиард теңге жинап алған.
2016 мен 2023 жыл арасында утилалымнан 1 триллион теңге жинап алған.
Ал, олар бұдан бөлек Қосымша құн салығы әр көлік құнынан 12%, кеден салықтары әр көліктен 15% аралығында ұстап отырды. Алғашқы тіркеу өз алдына, оған миллиондап опырып жатыр.
Бұл соңғы қаржы емес. Бұлар мемлекеттен басқа да жеңілдіктерге ие болды. Салықтан босатылды. Қосымша құн салығынан да босатылып, Даму банкінен несиелер алып келді. Соның бәрін ескере келе, халықтан барлығы 2 триллион теңгеге жуық қаражат жинап алған.
Долларға шаққанда 5 миллиард долларды құрайды. Бұл қаражатқа толық жұмыс цикліндегі 4 ауқымды авто өндіріс салуға болады. Тіпті, қосымша инфрастуктурасымен жасақтап алуға жетеді.
"Дәл осы қаражатпен жемқорлықсыз жоспарлы түрде процесті жүргізген болса, елдегі 40% жуық автокөлік жеңіл бағада, қолжетімді, әрі жаңарып шыға келер еді",- деді Бекболат Қаржан.
Утилалым мен алғашқы тіркеуді қолдап отырғандардың бір кездері халық есін жиып, етек жеңін түрер сәт келгенде бетіне түкірер күн келеді. Менің ойымша ол күн де алыс емес. Қоғамда осы салада жүрген азаматтар бар, белсенділер бар, қазір сендерді жеке-жеке қарап отыр.
Бірінші мысал:
Қазақстанға жеткізуіне дейін 4.6 миллионға түсетін Хюндайлар бізге келгенде 8.4 миллионға бір-ақ шығады. Сендердің қолдап отырған системаларың Жер планетасында жоқ ғажап машина ғой. Бұл ғажап системаларың 8 жыл бойы жұмыс істеп келе жатыр. Ұлттық автопром деген жалған лозунгті жалаулатқаннан басқа ештеңесі жоқ.
Екінші мысал:
АШ техникасы Беларусь комбайны 60 миллион өз бағасымен тұрса, біздің елге келгенде 135 миллионға шығады. Қазір елдің астық нарығын Ресейдің астығы кіріп тағы қиратты. Баға 120 теңге еді, қазір 75 теңге. Шаруа өлді, үміті ақталмады. Техникасы жоқ қалтыраған шаруа мұрнынан қан кетіп, тағы далбасалап қалды. Шығынға әбден батты. Утильалымның шапағаты осы.
"Кешегі трактор зауытының масқарасын ашқан Санжарды көрдіңдер. Санжардың аккаунттарын жапты. Санжарды сөйлетпеудің бар амалын тауыпты", - деп қосты ол.
Енді әлемнің бір де бір елінде жоқ мынадай құн алу тәсілін қараңыздар. Бұларға мынадай сұмдық жеңілдіктер бар:
Осы алымдардан бөлек мемлекеттен көліктің 40 пайызына жеңілдік берілген.
"Бұлай келе жатқанына 8 жыл. Бізде көлік арзандап кетуі керек еді ғой. Керісінше, қандарыңды теспей сорып жатыр. Қайда автопром?"
1.5 триллион теңгеге Тойотаны шығаратын зауыт салып қояр едік қой.
Сонда 8 жыл тоналған халықты ары қарай қанауды қолдаймыз ба?
Ауыл шаруашылығы техникасындағы ауыртпалық төбе шашыңды тік тұрғызады. Қайдағы экономика? Қайдағы жаңару?
Біреудің ұлттық автопромының бүкіл бөлшектерін алып келіп, елден сауын сауып, ұлтты қанап, әлемде теңдесі жоқ утильалым, алғашқы тіркеу, қосымша құн салығы, кеден салығын, түкке тұрғысыз сертификатқа салық жинап, 8 жыл бойы өзгенің автобөлшегімен зауыт сала алмай, халықты қалтасынан қағып алып, триллиондаған ақша жинай отырып, ұлттық автопромды дамытып жатырмыз деген қалай?
Заттың, автобөлшектің бәрі біреудікі. Сонда бұл қалай ұлттық автопром болмақ?