9 млн.-шы тұрғынға тарту етілген пәтер жалға берілген болып шықты

Егіздердің атасы Мақтым Әзербаев қос немересі дүниеге келгенде жарияланған мақалаларды мұқият сақтап қойған. Барлығы да Әсем мен Әсетке пәтер берілгенін қуана хабарлапты. Бірақ, Әзербаевтар әулеті бұл шаттықтың соңы сөзбұйдаға салынып кететінін сол кезде білмесе керек. Аудан әкімдігі үйдің бюджеттен берілгенін айтқанымен, жекешелендіруге жатпайтынын ескертуді ұмытқан.

Мақтым Әзербаев, егіздердің атасы:

- Осы мәселе бірнеше жылдан бері созылып келе жатыр. Әкімдіктің кесірінен деп ойлаймыз. Мемлекеттің бізге берген пәтерін жалға берем деген шешім кабылдап отыр. Ол үшін ай сайын 3 мың теңге төлеп отыру керек. Біз мұны сатып берген пәтер деп есептейміз!

Әсет пен Әсем қазір 1-ші сыныпқа барып жүр. 9 миллионыншы қазақ ретінде алған пәтерлерінің таласқа түсіп жатқанынан бүлдіршіндер әрине хабарсыз. Ал аудан басшылығы жағдаймен жақсы таныс. Тіпті мәселені шешуге де талпындық деп сендіріп отыр. Бірақ еліміздегі тұрғын үй заңы сыйға берілген пәтерді жекешелендіруге мүмкіндік бермейтін көрінеді.


Әлифолла Балахметов, Индер ауданы әкімінің орынбасары:

- Әзербеав Мақтым жолдастың үйді жекешелендіріп беру туралы сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік болмай отыр. Бірақ болашақта заңда өзгерістер болған жағдайда бұл өтінішті қанағаттандыруға тырысамыз және үнемі бақылауда ұстаймыз.

Әкімнің орынбасары болашақты болжап отырғанда егіздердің ата-анасы сыйға алған пәтерді ақыры мемлекетке қайтаруы тиіс. Дегенмен әуелде басыбүтін берілмейді деп ескертуді ұмытқан басшылық кінәларын түсінген болар, әзірше үйді паналай тұруға рұқсат беріпті. Айтпақшы,егіздердің өкіл әкесі Атырауға белгілі кәсіпкер, Мәжілістің бұрынғы депутаты Болат Қонарбай деген мына азамат. Кезінде өзін өкіл әке жариялап, тіпті «бір апта ішінде үй табыңдар, ақшасын өзім төлеймін» деген екен. Алайда уәдесін сол күйі ұмытқан көрінеді.