9 пайызға қымбаттаған: Алтын өссе, доллар әлсірей ме?

2025 жылдың 31 желтоқсанында Қазақстанда 1 грамм алтынның бағасы 70 924,74 теңге болған. Ал бүгінде, Қазақстан Ұлттық банкінің деректеріне сәйкес, алтынның 1 граммы 77 010 теңгеге жетті. Осы ретте қоғам алаңдап отыр, алтын өсуін жалғастыра берсе, доллардың жағдайы не болады? Caravan.kz медиа порталының тішлісі тақырыпты жалғастырады.

Алтын бағасы рекордты жаңартуын жалғастырып жатыр. Ұлттық банктің мәліметінше, 2026 жылғы 20 қаңтарда 1 грамм қымбат металдың ресми бағамы 76 435,14 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғы бағадан 65,78 пайызға жоғары.

Бұл жыл басынан бергі үшінші рекорд. Алғашқы рекорд 13 қаңтарда тіркелген болатын. Сол күні алтын бағасы алғаш рет 75 мың теңгеден асып түсті.

Айта кету керек, алтын Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде қымбаттап жатыр. Бұл – жаһандық үрдіс. Осы орайда экономист Айбар Олжаев қоғамды алаңдатқан маңызды сұраққа жауап берді.

Сарапшының айтуынша, небәрі 20 күн ішінде 9 пайызға қымбаттаған алтын Қазақстанға қосымша 4,2 миллиард АҚШ доллары көлемінде табыс әкелген.

«2025 жылдың соңында біз 47,2 миллиард доллар көлеміндегі алтын қорын ұстап отырдық. Қазіргі таңда оның нарықтық құны 51,4 миллиард долларға дейін өсті. Бұған еркін айырбасталатын валютадағы активтерді - 18,5 миллиард долларды қоссақ, дәл бүгінгі күні алтын-валюта резервтеріміз 70 миллиард долларға жуықтап қалды. Ал оған Ұлттық қордағы 77,7 миллиард долларды қосатын болсақ, еліміздің жалпы халықаралық резервтері 147,7 миллиард долларға жетеді. Бұл өте жақсы көрсеткіш», - деді экономист.

Дәл осы кезеңде Теңіз кен орнындағы технологиялық мәселелерге байланысты Қазақстанның мұнай өндіру көлемі 14 пайызға төмендеді деген ақпарат тарады. Соған қарамастан, алтыннан түскен табыс мұнай саласындағы жоғалтуларды жабуға мүмкіндік беріп отыр.

Сарапшылар алтын бағасының бұл жолғы өсуін инвесторлардың АҚШ долларын саяси тартыс құралына айналып кетуінен қауіптенуімен байланыстырады.

Атап айтқанда, Дональд Трамптың соңғы шешімдері мен мәлімдемелерінен кейін Еуропаның шок жағдайында қалуы, сондай-ақ Гренландияны Даниядан тартып алу жөніндегі күтпеген әрі дау тудырған әрекеттер Брюссельдің болашақта долларлық облигацияларды «токсик актив» ретінде қабылдай бастауына әкелуі мүмкін.

Егер Федералды резерв жүйесі негізгі мөлшерлемені тағы да төмендетсе, доллардың әлсіреуі тек экономикалық себептермен ғана емес, саяси факторлардың әсерімен де жүзеге асуы ықтимал.

«Осындай жағдайда саяси тұрғыдан бейтарап актив - алтынның күшеюі заңды құбылыс. Ал ақпан айында доллардың әлсіреуі мен кэрри-трейдерлердің белсенділік танытпауына байланысты теңге тағы да нығайып, 500 теңге деңгейіне жақындауы әбден мүмкін», - деп түйіндеді Айбар Олжаев.