9 поэма мен 40 дастанды жатқа айтатын бүлдіршін Шәймерден қайда жүр?

Бірнеше жыл бұрын елдің сүйіспеншілігіне бөленген дарынды бала Шәймерден қазір қайда жүр, деген сауал көпшілікті әлі де мазалып жүр. Caravan.kz тілшілері бұл сұрақтың жауабын іздеп көрді.

Мұхтар Шахановтың өзі батасын берген Шәймерден қазір 9 жаста. Алматы облысына қарасты Жандосов ауылындағы Ораз Жандосов атындағы орта мектептің 4 сынып оқушысы. Әкесі Саятбек Егізековтың айтуынша, сабағын 5-ке оқиды. Мектептің озат оқушысы. Қазір өзі де аздап шығармашылыққа бет бұрып, қалам тербей бастаған көрінеді. Өзі жазған өлеңдері бар. Бірақ ата-анасы онысын еш жерде жарияламапты.

Былтыр желтоқсан айында Фариза Оңғарсынованың жырларын бойынша өткен республикалық байқауға қатыстып, бас жүлдені жеңіп алды. Астанада өткен «Ақ көгершін» халықаралық байқауында 3-орын иеленді.

Жалпы байқауларға көп қатыса бермейді. Мектеп бағдарламасына баса мән береді. Ар арасында ақын Мұхтар Шахановпен бірге шығармашылық кештерге барып тұрады. Бұрынғы жатқа білетін өлеңдерін әлі ұмытпаған. Керісінше санын біршама арттырыпты. 

Шәймерден бүгінде 15 тен аса поэма, 40-қа жуық жыр-дастанды еш мүдірмей айта алады. Ол Мұхтар Шахановтан бөлек Фариза Оңғарсынова, Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Сырбай Мәуленов өлеңдерін оқып, жатқа айтады.


Ең таңқаларлығы жатқа білетін 15 поэманың кез келген жерінен жалғастыра алатын бұрынғы қабылеті жойылмаған. Кез келген өлеңді 1-2 мәрте оқығаннан жаттап алады. Өзі де өскен, мінезі өзгере бастаған Шәймерденнің шығармашылыққа деген қызығушылығы де арта түсіпті.