Дүниежүзілік пошта күні. 1957 жылы болған бүкілдүниежүзілік пошта одағының 14-ші конгресінің шешімі бойынша, 1874 жылы пошта одағының құрылған күніне орай атап өтіледі.
Уганда Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1962). Уганда - Шығыс Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Суданмен, шығысында Кениямен, оңтүстігінде Танзания, Руандамен, батысында Конго Демократиялық Республикасымен шектеседі. Астанасы - Кампала қаласы. Мемлекеттік тілі - ағылшын тілі, сонымен қатар жергілікті тілдер де қолданылады. Ақша бірлігі - уганда шиллингі.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
282 жыл бұрын (1731) Әбілқайыр хан бастаған Кіші жүз қазақтары Ресейге қосылды.
17 жыл бұрын (1996) Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысындағы Киров ауданы - Асықата ауданы, Алғабас ауданы - Бәйдібек ауданы болып өзгерді.
7 жыл бұрын (2006) Қызылорда облысы Жалағаш ауданының орталығы - Жалағаш кентіндегі алаңға Кенесарының азаттық күресіндегі басты батырлардың бірі - Бұқарбайға ескерткіш орнатылды. Ескерткіш авторы, белгілі мүсінші Мұратбай Үмбетовтің айтуынша, оның аяғының жанында жатқан жолбарыс батырдың жас кезіндегі қаймықпайтын жүректілігі туралы аңызға орай алынған. Ел аңызына қарағанда, жолбарыс ұлтжанды батырдың түсінен шықпайтын әруақты серігі болғанға ұқсайды.
21 жыл бұрын (1992) тарихшы Халифа Алтайға «Ата жұрттан Анадолыға дейін» атты кітабы үшін Қазақстан Жазушылар одағының «Алаш» сыйлығы берілді.
13 жыл бұрын (2000) 9-10 қазанда 21 қабатты бизнес орталығынан және 3 қабатты «Рамстор» гипермаркетінен тұратын «Астана мұнарасы» кешені пайдалануға берілді.
4 жыл бұрын (2008) Қазақстан Республикасында алғаш рет «Қазпошта» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен «Бірінші республикалық пошта маркаларының коллекциясын жинаушылар съезі» болып өтті. Съез барысында «Қазақстанның пошта маркаларының коллекциясын жинаушылар одағы» қоғамдық бірлестігін құру ұйғарылды.
148 жыл бұрын (1865) бильярд шарына патент алынды. Өнертапқыш Джон Уэсли Хайятт белгілі бір пішінге келтіруге болатын синтетикалық материалды ойлап тауып, одан бильярд шарын жасады. Бұған дейін бильярд шарын піл сүйегінен жасап келген болатын.
4 жыл бұрын (2009) Алматыда «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры мен екінші деңгейлі 5 банк арасында өңдеу саласындағы кәсіпкерлік субъектілерді қолдау және жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу үшін 3 келісім жасалды.
4 жыл бұрын (2009) Сарысу ауданының Жайылма ауылында жаңа спорт кешенінің ашылу рәсімі өтті.
Спорт кешенінеге Оңтүстік Қазақстан облысының қазақша күрес бойынша чемпионы Бөрібек Тоғызбаевтың есімі берілген. Спорт кешенді жеке кәсіпкер Б.Тоғызбаевтың ұлы Жеңіс салды. Екі қабатты ғимараттың ішінде күреспен, стол теннисімен, шахматпен, дойбымен айналысатын спорт залдары, және жуыну бөлмелері бар.
362 жыл бұрын (1651) Англияда Навигациялық акт қабылданды. Бұл құжат бойынша Ұлыбританияға отар елдерден тауарлар тек ағылшын кемелерімен жеткізіледі.
12 жыл бұрын (2001) Мысырда әлемдегі ең биік аспалы көпір салынды.
4 года бұрын (2009) Нью-Йорктың «Таймс орталығында» Қазақстанның халық әртісі скрипкашы Гауһар Мырзабекова мен халықаралық конкустардың лауреаты пианист Әмір Тебенихин концерт берді.
129 жыл бұрын (1884) Чикагодан Левант Ричардсон роликті конькиді паттенттеді.
95 жыл бұрын (1918) Фридрих Карл Гессенский Финляндия королі болып сайланды. .
24 жыл бұрын (1989) Лейпцигте «Бейбіт революция» өткізіліп, бір айдан кейін Берлин қабырғасы құлатылды.
24 жыл бұрын (1989) КСРО Орталық телевидениесінде А.Кашпировскийдің алғашқы телесеансы өтті.
7 жыл бұрын (2006) Солтүстік Кореяда алғашқы ядролық қару сыналды.
4 жыл бұрын (2009) АҚШ президенті Барак Обама Нобель бейбітшілік сыйлығына ие болды.
ЕСІМДЕР
140 жыл бұрын (1873-1916) неміс астрономы, теориялық астрофизиканың негізін қалаушылардың бірі, Берлин ғылым академиясының академигі ШВАРЦШИЛЬД Карл дүниеге келді.
114 жыл бұрын (1899-1990) ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстанның еңбегі сіңірген ғылым қайраткері БУБЛИЧЕНКО Николай Лазаревич дүниеге келді. Украинаның Харьков қаласында туған. Ленинград кен институтын бітірген. 1924-1939 жылдары Геологиялық комитеттің барлау экспедициясының аға коллекторы, геологы болып Алтайда, Қаратауда және Балқаш аймағында жұмыс істеген. 1939-1950 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясының геология секторының бас ғылыми қызметкері. 1951-1969 жылдары - Өскемен қаласындағы Алтай тау-кен металлургия институты директорының орынбасары, зертхана меңгерушісі, бас ғылыми қызметкері. 1963-1973 жылдары - Қазақстан Геологиялық ғылымдар институты Алтай бөлімшесінің ғылыми жетекшісі. 1973-1982 жылдары осы институттың ғылыми қызметкері, кеңесшісі қызметтерін атқарған.
Негізгі ғылыми еңбектері орта палеозойдың, әсіресе, девонның стратиграфиясы мен палеонтологиясын зерттеуге арналған. Ол Қазақстанда төменгі, ортаңғы девон және Кузбасста жоғарғы силур шөгінділерінің бар екенін алғаш рет дәлелдеген.
2-дәрежелі Отан соғысы орденімен және медальдарымен марапатталған.
53 жыл бұрын (1960) ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі РАХЫМЖАНОВ Әмірхан Мұратбекұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Қарағанды политехникалық институтын (қазіргі Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті), Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін бітірген.
Еңбек жолын 1977 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ұржар ауданының Чапаев атындағы ұжымшарында бастаған. Ұржар аудандық партия комитетінде саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі, орта мектеп оқытушысы болған. 1991-1999 жылдары - мұғалім, Шығыс Қазақстан облысының аудандық, қалалық, облыстық білім басқармасының бастығы. 1999-2001 жылдары - Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігінде Орта және кәсіби білім комитеті басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің орта жалпы білім департаменті директорының орынбасары, басқарма бастығы. 2001-2003 жылдары - білім беру секторының меңгерушісі, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің кеңсесі әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің меңгерушісі. 2003-2006 жылдары - Астана қаласының Білім департаментінің директоры. 2006-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде бас нұсқаушы, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары. 2007-2008 жылдары - Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі. 2008-2010 жылдары - Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2010-2012 жылдары - «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары. Қазіргі қызметінде - 2012 жылдың қаңтарынан бері.
«Құрмет» орденмен, медальдармен және Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған.
62 жыл бұрын (1951) Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ректоры, химия ғылымының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ұлттық білім академиясының академигі ҒАЗАЛИЕВ Арыстан Мәуленұлы дүниеге келді.
Қарағанды қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетін бітірген. 1977-1981 жылдары - Қарағанды мемлекеттік университетінің аға оқытушысы. 1981-1985 жылдары - Қарағанды кооперативтік институтының доценті. 1985-1996 жылдары - Органикалық синтез және көмір химиясы институтының ғылыми хатшысы, зертхана меңгерушісі, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. 1996-1998 жылдары - Қарағанды университетінің проректоры. 1998 жылдан Органикалық синтез және көмір химиясы институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары болған. 2006 жылдан - С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдан бері.
Ғылыми зерттеу еңбектерінің негізгі бағыты жаңа биологиялық активті заттарды жасауға арналған. Ол табиғи алкалоидтарды модификациялаудың химиялық және электрхимиялық өндірістік әдістерін жасады, изотиоцианатофосфор қышқылы эфирлерін электрхимиялық синтездеудің жаңа реакциясын ашты, кванттық химия әдістерін пайдалану арқылы бірқатар алкалоидтардың тұңғыш рет электрондық құрылымын анықтады. Ол Ресей ғылым академиясының «Ғылыми серіктестікке қосқан үлесі үшін» алтын медалінің иегері, 400-ден астам ғылыми жұмыстың, монографияның, оқулықтар мен кітаптардың, авторлық зерттеулер мен патенттердің авторы.
46 жыл бұрын (1967) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі ҚОЖАХМЕТОВ Арман Төлешұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысының Сәтпаев қаласында туған. Қарағанды мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік басқару академиясы жанындағы Нарық институтын, Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы Халық шаруашылық академиясының Жоғары бизнес мектебін бітірген. Университетті бітіргеннен кейін «Жезқазған түсті металл» АҚ-нда заңгер, заң бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген. 1999-2001 жылдары - «Қазақмыс» «Шығысказмедь» корпорациясының филиал басшысының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары. 2001-2007 жылдары - «Қазақмыс» корпорациясы Заң қызметі департаменті директорының орынбасары. 2007-2012 жылдары - «Қазақмыс» корпорациясы Заң қызметі департаментінің бастығы.
2012 жылғы қаңтардан бастап - бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.
«КСРО ҚК 70 жыл» (1988 жыл), «Жауынгерлік ерлігі үшін» (1988 жыл), «Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 15 жыл» (2004 жыл), «Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 20 жыл» (2009 жыл), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011 жыл) медальдерімен марапатталған.
44 жыл бұрын (1969) ҚР Президенті Іс басқарушысының орынбасары БАТТАҚОВ Ерлан Еркінұлы дүниеге келді.
Қарағанды қаласында туған. Қарағанды политехникалық институтын бітірген. 1992-1995 жылдары - Қарағанды политехникалық институтында құрылыс материалдары және бұйымдары технологиясы кафедрасында тағылымдамадан өтуші-зерттеуші. 1995-1996 жылдары - «Алатау Инвест» ЖЗҚ бас маманды, бас директорының инвестициялар жөніндегі орынбасары. 1996 жылы - ҚР бағалы қағаздар жөніндегі Ұлттық комиссиясының бағалы қағаздар нарығын раттеу басқармасында лицензиялау бөлімінің маманы, бастығы. 1996-2007 жылдары - «Азық-түлік келісм-шарт корпорациясы» АҚ-да бас маман, бөлім бастығы, басқарма бастығы, қаржы директоры. 2007-2008 жылдары - ҚР Президенті Іс басқармасында бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау және қаржыландыру бөлімінің қаржы-талдау секторының меңгерушісі. 2008-2010 жылдары - ҚР Президенті Іс басқармасында бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау және қаржыландыру бөлімінің меңгерішісі. 2010-2012 жылдары - ҚР Президенті Іс басқармасының қаржы-экономикалық бөлімінің меңгерушісі. Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы қыркүйектен бері.
36 жыл бұрын (1977) ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің көлік-коммуникация кешенін дамыту департаментінің директоры ЖАНСҮГІРОВ Болат Амангелдіұлы дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ Басқару академиясын бітірген. «Ақтау теңіз сауда порты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында жас маманнан коммерциялық және жүк жұмыстары бөлімінің бастығына дейін еңбек жолынан өтті. Қазақ Көлік және коммуникация академиясының аға оқытушысы.
Қазіргі қызметінде - 2008 жылғы ақпаннан бері.
107 жыл бұрын (1906-2001) Сенегал Республикасының тұңғыш президенті (1960-1980), философ, социолог, ақын, сыншы, классикалық филология және француз лингвистикасы бойынша африкалық тұңғыш ғылым докторы, көптеген халықаралық сыйлықтардың лауреаты, Француз ғылым академиясының мүшесі, әлемнің 37 жоғары оқу орнының құрметті президенті СЕНГОР Леопольд Седар дүниеге келді.
812 жыл бұрын (1201-1274) француз теологы, Сорбон үйі деп аталатын Париж колледжінің негізін қалаушы Робер де СОРБОН дүниеге келді.
466 жыл бұрын (1547-1616) испан жазушысы Мигель де СЕРВАНТЕС дүниеге келді.
139 жыл бұрын (1874-1947) ресей кескіндемешісі РЕРИХ Николай Константинович дүниеге келді.
73 жыл бұрын (1940-1980) ағылшын музыканты, әнші, ақын, The Beatles тобының мүшесі, композитор, суретші, жазушы Джон ЛЕННОН дүниеге келді.
87 жыл бұрын (1926-1992) орыстың талантты театр және кино актері, КСРО халық әртісі ЕВСТИГНЕЕВ Евгений дүниеге келді.
Ол «Автомобильден сақтан», «Қарақшы қарттар», «Қан мен тер», «Белгісіз актер туралы повесть», «Фердинанд Люстің өмірі мен өлімі», «Жекпе-жек», «Мұрын», «Иттің жүрегі», т.б. фильмдерге түскен.
47 жыл бұрын (1966) Ұлыбритания премьер-министрі, Ұлыбритания Консервативтік партиясының көшбасшысы, Парламенттің қауымдар палатасының мүшесі Дэвид Вильям Дональд КЭМЕРОН дүниеге келді.