9 қыркүйек. Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

Әсемдіктің бүкілдүниежүзілік күні. Халықаралық Эстетика және косметология комитетінің (СИДЕСКО) бастамасы бойынша атап өтіледі.

Корей Халық Демократиялық Республикасының Ұлттық мейрамы - КХДР-дің құрылған күні (1948).  Мемлекет Шығыс Азиядағы Корей түбегінде орналасқан. Астанасы - Пхеньян қаласы. Ақша бірлігі - вон. Ресми тілі - корей тілі.

Қазақстан Республикасы мен Корей Халық Демократиялық Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қаңтардың 29-ында орнатылды.

Тәжікстанның Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні. 1991 жылы Мемлекет тәуелсіздігі туралы декларация қабылданды.

Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы қаңтардың 7-інде орнатылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

19 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  «Қазақстан Республикасы үкімет мүшесінің анты туралы» қаулы қабылдады.

8 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бұйрығымен Екібастұзда Қазақстандағы тұңғыш базалық  прокуратура ашылды. Онда Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары прокуратураларының жас қызметкерлері кәсіби дайындықтары деңгейін көтереді.

8 жыл бұрын (2005) Астанада Қазақстанның алғашқы Ұлттық жастар дельфий ойындары ашылды.

Дельфий ойындары - классикалық және заманауи жанрдағы өнерлердiң барлық түрін бiрiктiретiн мәдени форум. Бұл фортепиано және скрипка, баян және халық билері, эстрадалық ән салу және театр, цирк және фотосурет, плакат және теледидарлар. Шара аясында Ұлттық ойындар конкурсы 14 номинация бойынша өтті.

8 жыл бұрын (2005) Алматыда Балқаш-Алакөл бассейндік кеңесінің алғашқы мәжілісі болып өтті.

Ұйымдастырушысы - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылық министрлігінің Су ресурстары комитеті және Қазақстандағы су қорларын бірлесіп басқару және суды қорғау жоспарын әзірлеу жөніндегі БҰҰ Даму бағдарламасы жобасының техникалық қолдауымен Балқаш-Алакөл бассейні.

ҚР Ауыл шаруашылығы мен Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің аумақтық бөлімшелері, Балқаш-Алакөл бассейндік су шаруашылығы және жергілікті төтенше жағдайлар басқармаларының қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысқан бұл басқосуда Бассейн кеңесін құру туралы шешім қабылданып, оған мүше азаматтардың тізімі бекітілді, кеңестің ережесі мен жоспары қаралды.

8 жыл бұрын (2005) Алматыда «Қауымдасқан қазақтың Қалдарбегі» атты естелік кітабы жарық көрді.

Кітап қазақтың белгілі жазушысы, Қазақтан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Бүкіләлемдік қазақтар қауымдастығы алқасы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған Қалдарбек Найманбаевқа (1939-2004) арналған.

Кітаптың тысында жазушының өз қолымен жазған сөздері келтірілген. Екі бөлімнен тұрады: бірінші бөлімінде Қ.Найманбаевтың саяси, мемлекеттiк және қоғамдық қызметiндегі зор еңбектері жазылған; екінші бөлімі жазушының шығармашылығына, қазақ ұлттық әдебиетінің дамуына қосқан зор үлесіне арналған.

Қалдарбек Найманбаев шығармашылық қызметін «Лениншіл жас» газетінен бастаған. Кейіннен басқа республикалық баспаларда жетекшілік қызметтерін атқарған. Жазушының шығармаларының ішіндегі ең танымал кітаптары: «Үміт өткелі», «Даңқ тұғырында», «Көктөбе», «Біз сені тосамыз, Гүлзат», «Алыс сапар». 1992 жылы Қ.Найманбаев Бүкіләлемдік қазақтар қауымдастығы алқасының төрағасы болып сайланған және осы лауазымында өмірінің соңына дейін қызмет атқарған.

4 жыл бұрын (2009) Астанада «2009-2012 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспарының» таныстырылымы болып өтті.

Ұсынылып отырған ұлттық жоспар адам құқықтары жөніндегі заңнаманы, адам құқығын қорғаудың жүйесін, сондай-ақ халықтың өз құқықтары тұрғысында қорғану тетігі бойынша нақты қадамдарды қарастыратын топтастырылған бағдарлама болып табылады.

Жоспардың тұжырымдамалық бөлімінде адамның азаматтық, саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени құқығына қатысты мәселелері талданған.

ЕСІМДЕР

85 жыл бұрын (1928-1965) жазушы, әдебиет сыншысы, әдебиет зерттеуші, филология ғылымының кандидаты НҰРҚАТОВ Айқын дүниеге келді.

Ақмола облысында туған. Абай атындағы Қазақ педагогика институтының филология факультетін және аспирантурасын бітірген. Шығармашылық қызметін 1950 жылы «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналында сын бөлімінің меңгерушісі болып бастаған. Екі жүзге тарта мақалар мен рецензиялар жазған. Ш.Уәлихановтың, С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің, Ғ.Мұстафиннің өмірі мен шығармашылығы туралы очерктерін жеке кітап етіп шығарған. М.Әуезов туралы жазған монографиясы қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап болып шыққан. 1962 жылы мақалалар жинағы «Идея және образ» деген атпен басылған. Қайтыс болғаннан кейін «Мұхтар Әуезовтың творчествосы» және «Абайдың ақындық дәстүрі» деген екі монографиясы және «Жалғасқан дәстүр» атты зерттеу мақалалары жарық көрген. ІХ класқа арналған қазақ әдебиеті оқулығы және «Қазақ әдебиеті тарихы» авторларының бір болған. Оның зерттеулеріне логикалық ой жүйелігі, пікір айқындығы, тұжырымының дәйектілігі тән болса, еңбектеріне қоғамдық ой-пікір мен көркемдік эстетикалық талап ұштасқан.

80 жыл бұрын (1933) жазушы, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының және Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты ӘШІМОВ Әкім Үртайұлы (Әкім Тарази) дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Абай атындағы Қазақ педагогика институтының филология факультетін, Мәскеудегі сценаристердің жоғары курсын бітірген. Еңбек жолын  орта мектеп мұғалімі болып бастаған. 1956-1958 жылдары - «Ара» журналының әдеби қызметкері. 1958-1959 жылдары - «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің жауапты хатшысы. 1962-1970 жылдары - «Қазақфильм» киностудиясы редакциялық алқасының мүшесі, бас редакторы. 1970-1971 жылдары - «Литературная газетаның» Қазақстан бойынша меншікті тілшісі. 1971-1980 жылдары Кинематографистер одағы басқармасының бірінші хатшысы. 1986-1998 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болған.  Жазушының алғашқы кітабы «Құйрықты жұлдыз» повесі 1966 жылы жарық көрді. Одан бері «Үлкен ауыл», «Асу-асу», «Қиян-соқпақ», «Бұлтқа салған ұясын», «Тасжарған», «Қыз махаббаты», «Гнездо на облаках», «Журавли-журавушки», «Басынан Қаратаудың...», «Кен», «Тәж» повестері, әңгімелері, романдары жарияланды. Сондай-ақ «Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт», «Қос боздақ», т.б. пьесалардың, «Тұлпардың ізі», «Арман атаман», «Қараш-қараш оқиғасы», «Мұстафа Шоқай», т.б. кинофильм сценарийлерінің авторы. Бірқатар кітаптары шет ел тілдеріне аударылған.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

80 жыл бұрын (1933) пианист, педагог, концертмейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ИВАНОВА-СОКОЛЬСКАЯ Людмила Михайловна дүниеге келді.

Ресейдің Санкт-Петербор қаласында туған. 1962 жылға дейін Қазақ академиялық опера және балет театрының әншілер труппасында, әрі Алматы консерваториясында (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) концертмейстер қызметін қатар атқарған. 1962 жылы «Қазақконцертке» қызметке ауысқан. «Қазақконцерт» әртістері қатарында ТМД елдері мен шет елдерге гастрольге шығып, өнер көрсеткен. Ол бірқатар музыкалық-аспаптық шығармалардың авторы және қазақ әндерін өңдеуші ретінде танымал.

Медальдармен, грамоталармен марапатталған.

185 жыл бұрын ұлы орыс жазушысы, драматург ТОЛСТОЙ Лев Николаевич (1828-1910) дүниеге келді.


Ресейдің Тула облысында туған. Қазан университетінің әуелі шығыстану, кейін заң факультеттерінде оқыған. Түрік, татар тілдерінен сынаққа дайындаған түркітанушы ғалым Қазембек оның лингвист қабілетін жоғары бағалаған. Ол ағылшын, француз, неміс тілдерін еркін меңгеріп, чех, поляк, серб, итальян, грек, латын, украин, татар тілдерін білген, қосымша ежелгі еврей, түрік, голланд, болгар тілдерін оқыған. 1851-1853 жылдары Кавказ соғысына қатысып, 1856 жылға дейін сонда әскери қызмет атқарады. Қызметінен босаған соң Германия, Франция, Швейцария елдерін аралайды. 1859 жылы Ясная Полянада қарапайым шаруалардың балаларына арнап мектеп ашып, сонымен қатар сол маңайдағы жиырма шақты мектептің ашылуына көмектесті. 1862 жылы «Ясная Поляна» атты педагогикалық журнал шығара бастайды.

«Кешегі күннің тарихы», «Помещиктің таңғы тірлігі» әңгімелерінің, «Балалық», «Ересектік», «Севастополь әңгімелері» автобиографиялық трилогияның, «Казактар», «Альберт», «Тәубаға келу», «Мен дінге қалай сенемін?», «Иван Ильичтің өлімі», «Крейцер сонатасы», «Пері», «Қажымұрат», «Жалған қағаз», «Балдан кейін» повестерінің, «Отбасы бақыты», «Орыс помещигінің таңғы тірлігі», «Арылу» романдарының, «Соғыс және бейбітшілік», «Мың сегіз жүз бесінші жыл» роман-эпопеяларының, «Әліппе», «Жаңа әліппе» еңбектерінің, «Анна Каренина» психологиялық романының, «Қараңғылықтың өкімі», «Тірі өлік» драмасының, «Тәрбие жемістері» комедиясының авторы.

Т.Манн ол туралы «Гете және Толстой» атты көлемді зерттеу еңбек жазған. М.Горький «Лев Толстой» очеркінде Толстой өмірін жан-жақты суреттеген. Толстой еңбектері Абай мен Шәкерім шығармашылықтарына әсер еткен. Шәкерім Толстойдың «Ассирия патшасы Асархадон», «Үш сауал» шығармаларын қазақ тіліне еркін аударған. Қазақ тілінде Толстойдың «Анна Каренина», «Арылу», «Соғыс пен бейбитшілік» шығармалары жарық көрген.

«Анна» орденімен, медальдармен марапатталған.

68 жыл бұрын (1945) «Ақтөбемұнайгаз» ААҚ бас директорының аға орынбасары, техника ғылымдарының докторы, Халықаралық инженерлер академиясының корреспондент мүшесі, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің құрметті профессоры СЕЙІТПАҒАМБЕТОВ Жеңіс Сейітпағамбетұлы дүниеге келді.

Ақтөбе облысы Байғанин ауданында туған. Қазақ политехникалық институтын (Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген.

1970-1978 жылдары - «Эмбімұнай» комбинатының «Кеңқияқ» мұнай құбыры басқармасының мұнай өндіруші-операторы, ауысым инженері, аудандық инженерлік-технологиялық қызмет бастығының орынбасары, өндірістік қызмет ету базасының бастығы. 1978-1984 жылдары - «Кеңқияқмұнай» мұнай өндіру басқармасының бас инженері, «Ақтөбемұнай» өндірістік бірлестігі «Кеңқияқмұнай» мұнай өндіру басқармасы бастығының орынбасары - бас инженері. 1984-1993 жылдары - басқарма партия комитетінің хатшысы, «Ақтөбемұнай» өндірістік бірлестігі «Кеңқияқмұнай» мұнай өндіру басқармасының бастығы. 1993-1994 жылдары - «Ақтөбемұнай» өндірістік бірлестігі бас директорының орынбасары - бас инженері. 1994-1998 годы - «Ақтөбемұнайгаз» ААҚ бірінші вице-президенті. 1998-2002 жылдары - «Ақтөбемұнайгаз» ААҚ бас директорының бірінші орынбасары. Қазіргі қызметінде - 2002 жылдан.

Облыстық мәслихаттың депутаты.

«Құрмет», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Астана» медальдарымен, «Қазақстан мұнайына - 100 жыл» белгісімен марапатталған.

63 жыл бұрын (1950) экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, қаржы және бюджет комитетінің төрайымы ҚАРАҚҰСОВА Гүлжан Жанпейісқызы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

1972-1994 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінде ассистент, аға оқытушы, доцент, профессоры. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық реформалар жөніндегі көмекшісі, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі - Экономикалық консультанттар кеңесінің басшысы. 1995-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Құнды қағаздар жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы. 1996-1997 жылдары - «Қаржы нарығы институты» қоғамдық қорының президенті. 1997-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Экономика, қаржы және бюджет жөніндегі комитеттің төрайымы. 2001-2007 жылдары Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2007 жылдың қыркүйек айынан.

«Общественные фонды потребления» (бірлесіп шығарған), «Новые формы соревнования в системе хозяйственного механизма» (бірлесіп шығарған), «Живое творчество масс», «Соревнование и перестройка», «Налоги: сущность и практика использования», «Проблемы борьбы с экономической преступностью в Казахстане» (бірлесіп шығарған), «Что нужно знать о ценных бумагах», «Теневая экономика: тенденции развития» атты кітаптардың авторы.

«Парасат», «Содружества» ордендерімен, «Астана», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медальдарымен марапатталған.

47 жыл бұрын (1966) Халықаралық бизнес академиясының проректоры, заң ғылымдарының кандидаты, әділет полковнигі НҮСЕНОВ Жолдасбек Мүслімұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында туған. Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. 1990-1995 жылдары - Еңбекші ауданы прокуратурасының тергеушісі, Оңтүстік Қазақстан облысы Прокуратурасының маңызды істер жөніндегі тергеушісі, аға тергеушісі. 1995-1996 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік тергеу комитеті басқармасы бастығының орынбасары, бөлім бастығы, аса маңызды істер жөніндегі тергеуші. 1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тергеу комитеті төрағасы хатшылығының басшысы, көмекшісі. 1997-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Бас әскери прокурорының аға көмекшісі. 1998-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Бас әскери прокуратурасы Ұйымдастыру бөлімінің бастығы. 1999 жылы - Қазақстан Республикасы Ішкі әскері әскери прокуроры. 1999-2000 жылдары аралығында - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының кеңесшісі. 2000-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасы хатшылығының меңгерушісі. 2005-2008 жылдары - Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы орталық аппаратының басшысы. 2008 жылдың желтоқсанынан - қазіргі қызметінде.

Медальдармен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталарымен марапатталған.

43 жыл бұрын (1974) ҚР Әділет министрлігінің сот актілерін орындау жөніндегі комитетінің төрағасы ЕШМАҒАМБЕТОВ Жанат Болатұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысында туған. Қарағанды политехникалық институтының тау-кен факультетін бітірген, кен инженері-технолог. 1993 жылдан ҚР ҰҚК-да жедел уәкілден бөлім бастығына дейінгі жолдан өтті. 2006 жылдан - ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшылығында бас сарапшы, бас инспектор. 2008 жылдан - ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) Қарағанды облысы бойынша департаментінің бастығы. 2010 жылдғвы қыркүйектен - ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) Солтүстік Қазақстан облысы облысы бойынша департаментінің бастығы. Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы сәуірден бері.

«Астананың 10 жылдығы» (2008) мерекелік медалімен марапатталған.