9 желтоқсан. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

79 жыл бұрын (1934-2007) ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор ДӘУЛЕТҚАЛИЕВА Кира Мұташқызы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Ташкенттегі Орта Азиялық политехникалық институтын бітірген. Қазақстан Ғылым Академиясының Геология ғылымдары институтының лаборанты, аға лаборанты, кіші, аға ғылыми қызметкері, гидрохимия зертханасының меңгерушісі, бас ғылыми қызметкері, Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) профессоры қызметтерін атқарған. Ғылыми зерттеулерінің негізгі бағыты - Қазақстан жер асты суларының химиялық құрамы. Жер асты сулары химиялық құрамының қалыптасу ерекшеліктері, гидросфераның табиғи суларының химиялық құрамы қалыптасуының генетикалық заңдылықтарын кентастық кен орындарын іздеу және экологиялық мақсаттарда зерттеген.

33 жыл бұрын (1980) шахматшы, халықаралық шебер, шахмат қайраткері, жаттықтырушы БАБАТАЕВА Индира Жағыпарқызы дүниеге келді.
Қарағанды облысы Ұлытау ауданында туған. «Қайнар» университетін бітірген.
Шахмат ойнауды 11 жасында бастаған. Алғашқы жаттықтырушысы - Кеттебеков Бедербек Төркешұлы . 1995 жылы 16 жасқа дейінгі қыздар арасында, 1998 жылы 18 жасқа дейінгі қыздар арасында, 2000 жылы 20 жасқа дейінгі қыздар арасында Қазақстан Республикасының чемпионы атанған. 1996 жылы Испанияның Майорка қаласында өткен 16 жасқа дейінгі қыздар арасындағы, 1998 жылы 18 жасқа дейінгі қыздар арасында (96 ел, 15 орын) өткен Әлем біріншілігіне қатысқан. Азия мемлекеттері арасында Иранда өткен біріншілікте 4-орынға ие болған.
2001 жылы Алматы қаласындағы Испан мәдениеті және білім бөлімінде «Индира Бабатаева» атты шахмат мектебін ашқан. 2002 жылы Алматы қаласында Кәсіпкерлер арасында Халықаралық турнир ұйымдастырған. 2003 жылы Испанияда өткен әйелдер арасындағы Халықаралық турнирде екінші орынға ие болып, осы жылы Хорват елінде өткен әйелдер арасындағы Халықаралық турнирдің жеңімпазы атанған. 2010 жылы Ханты-Мансиск қаласында өткен Әлем біріншілігіне қатысқан.

57 жыл бұрын (1956) Астана қаласының әкімі ТАСМАҒАМБЕТОВ Иманғали Нұрғалиұлы дүниеге келді.
Гурьев облысы, Махамбет ауданы, Новобогат ауылында дүниеге келген. А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының жаратылыстану-география факультетін бітірген (1979), география және биология пәндерінің мұғалімі. 1981-1991 жылдар аралығында КОКП мүшесі. Қазақстан Компартиясы ОК Саяси бюросының мүшесі (1990-1991). ҚР Жоғарғы Кеңесі 12-ші шақырылымының депутаты (ЛКЖО).
1973-1974 жылдары - Гурьев облысы Махамбет ауылындағы балалар-жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде жаттықтырушы. 1979 жылдан - Гурьев облысы Махамбет ауылындағы орта мектепте география және биология пәндерінің мұғалімі. 1979 жылдан - Қазақстан ЛКЖО Махамбет аудандық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, комсомол жұмысы кабинетінің меңгерушісі, Гурьев облыстық комитетінің комсомол ұйымдары бөлімінің меңгерушісі. 1983 жылдан - Қазақстан ЛКЖО Гурьев қалалық комитетінің бірінші хатшысы. 1985 жылдан - Қазақстан Компартиясы Гурьев қалалық комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі. 1986 жылдан - ЛКЖО Гурьев облыстық комитетінің бірінші хатшысы. 1988 жылдан - Қазақстан ЛКЖО ОК жұмысшы жастар және әлеуметтік-экономикалық проблемалар бөлімдерінің меңгерушісі, хатшысы. 1989 жылдан - Қазақстан ЛКЖО ОК-нің бірінші хатшысы. 1991 жылдан - ҚР Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы. 1993 жылдан - ҚР Президентінің көмекшісі. 1995 жылдан - ҚР Премьер-министрінің орынбасары. 1997 жылдан - ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Білім және мәдениет министрі. 1997 жылдан - ҚР Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі. 1998 жылдан - ҚР Президентінің Бірінші көмекшісі. 1999 жылдан - Атырау облысының әкімі. 2000 жылдан - ҚР Премьер-министрінің орынбасары. 2002 жылдан - ҚР Премьер-министрі. 2003 жылдан - ҚР Мемлекеттік хатшысы. 2004 жылы ҚР Президент Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды. 2004 жылдың желтоқсан айынан 2008 жылдың сәуіріне дейін - Алматы қаласының әкімі. 2008 жылғы сәуір айынан бастап - Астана қаласының әкімі.
Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қоғамдық кеңесінің төрағасы (2004-2006). UNESKO істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясының төрағасы. Қазақстан Республикасының оқпен ату Федерациясының құрметті президенті. Ә.Х. Марғұлан атындағы Халықаралық қордың Басқарма Төрағасы. «14 томдық Ә.Х. Марғұланның шығармалары» редколлегиясының мүшесі. «Саясат-Политика» ай сайын жарық көретін ақпараттық-сараптамалық бюллетені редакциялық кеңесінің төрағасы. «Еуразиялық қауымдастық» тоқсандық ғылыми журналының редакциялық кеңесінің мүшесі. Тәуелсіздіктің он жылдығын атап өту бойынша, сондай-ақ ЮНЕСКО көлемінде мерекеленген қазақ мәдениеті мен ғылымының көрнекті қайраткерлері: 1995 жылы - Абай Құнанбаевтың туғанына 150 жыл, 1996 жылы - Жамбыл Жабаевтың туғанына 150 жыл, 1997 жылы - Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл, 1997 жылы Қаныш Сәтбаевтың туғанына 100 жыл, 2002 жылы - Ғабит Мүсіреповтің туғанына 100 жыл және 2004 жылы - Әлкей Марғұланның туғанына 100 жыл толуына арналған мерейтойларды өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияларының төрағасы.  Монғолияға, Батыс Қазақстанға және РФ-ның Астрахан облысына (Каспий: мұнай және мәдениет және т.б. жерлерге Халықаралық мәдениеттанушылық экспедициялардың ұйымдастырушысы. Солардың бірінің нәтижесінде, 2000 жылы Монғолиядан Қазақстанға ежелгі Күлтегін тас хаты кайтарылды. Философия ғылымдарының кандидаты. Кандидаттық диссертация тақырыбы - «Дүниетану аспектілерінің экологиялық проблемасы» (1990). Саясаттану ғылымдарының докторы. Диссертация тақырыбы - «Транзиттік саяси жүйелеріндегі әлеуметтік саясат» (1997). «Қазақстанның әлеуметтік-саяси жаңаруы: үрдістер мен басымдықтар» (1996), «Қазақстан: мемлекет және қоғам эволюциясы» (1996), Қазақстан Республикасы Конституциясының Түсіндірме сөздігі ұжымының жетекшісі (1996); «Саяси трансформация және қоғамның өтпелілік проблемасы» (1997), «Орталық Азия зергер - шеберлерінің туындылары» иллюстрациялық альбомының авторы (1997), «Қазақстан мұнай-газөндірісіне 100 жыл» (1999), Пекиннен Астанаға дейін: астаналардың ауысу тарихы» (2001), «Сарайшық» (2002 ж.), «Ұлы дала Кентавры» (2005ж.) кітаптарының авторы. Әлеуметтік-экономикалық  даму және саясаттану проблемалары бойынша бірнеше ғылыми еңбектер мен мақалалардың авторы.  «Әлеуметтік масылдық саясаты және мемлекеттілік дағдарысы», «Әлеуметтік саясаттың табиғаты мен типологиясы» (1997), «1996 жылғы әлеуметтік саладағы реформалаудың нәтижелері және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 1997 жылға негізгі басымдықтары мен міндеттері» (1997), «Әлеуметтік саланың шектеулі ресурстар жағдайындағы даму стратегиясы» (1997), «Қазақстан саясаттану энциклопедиясы» (1998), «Мемлекеттің бірінші тұлғалары: тарих пен қазіргі заман тұрғысындағы саяси портреттер» жинағы авторлық ұжымының мүшесі, бас редакторы (1998), «Атырау облысындағы дамудың қаржылық проблемалары» (1999).
«Парасат» ордені (1998), Қазақстан Республикасыньң бірінші Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ордені (2004), Орыс Православ Шіркеуінің «Мәскеулік Даниил қасиетті патшасының» ордені, Ресей Федерациясының «Достық» орденімен және II дәрежелі «Барыс» орденімен (2010) марапатталған.

59 жыл
бұрын (1954) Қостанай облысы Алтынсарин ауданының әкімі  АХМЕТОВ Батырбек Мықансалықұлы дүниеге келді.
Қостанай облысы Жангелді ауданында Саға селосында туған. 1991 жылы Б.М.Ахметов Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтын және 2008 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін ғылыми агроном және экономика бакалавры мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолын 1971 жылдан Алматы қаласының №6 автобазасында автодәнекерлеуші болып бастады. 1973 жылдан 1975 жыл аралығында Кеңес армиясынның қатарында болды. 1975 жылдан 1991 жылдары Жангелді аудандық ішкі істер бөлімінде МПИ инспекторы, Арқалық қаласының ішкі істер бөлімінің ӨҰБ техникалық қызметі бөлімінің бастығы. Машина алаңының меңгерушісі, машина-трактор шеберханасының меңгерушісі, бас инженер, Қостанай облысы Жангелді ауданының «Бидайық» совхозының егіншілік бригадиры. 1991 жылдын 1997 жылдар аралығында Қостанай облысы Жангелді ауданының Дулатов атындағы шағын кәсіпорын шаруа қожалығының төрағасы. 1999 жылдан 2000 жылы аралығында Қостанай облысы Алтынсарин ауданында «Алтынсариский» ӨК конкурстық басқарушысы болып жұмыс істеді. 2000 жылы Қостанай облысы Қостанай ауданы «Қостанай ауыл шаруашылық химизация станциясының жобалық зерттеуші» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның директоры болып жұмыс атқарды. 2000 жылдың 2002 жылдар аралығында Қостанай облысы Алтынсарин ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2002 -2004 жылдары Қостанай облысы Алтынсарин ауданының ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы лауазымын атқарды. 2004-2009 жж Қостанай облысы Жангелді ауданының әкімі болып жұмыс атқарды. 2009-2010 жж «Қостанай облысы әкімдігінің жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бастығы болды. 2010 жылдың қыркүйегінде Қостанай облысы Алтынсарин ауданы әкімі болып тағайындалды.

38 жыл бұрын (1975)  әнші, композитор, музыка әрлеуші, "Дервиши" тобының жетекшісі, "Дервиши" музыка жазу студиясының директоры БАХАРОВ Ділмұрат Нұрахметұлы   дүниеге келді.
Алматы облысының Панфилов қаласында туған. П.И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің халық аспаптары факультетін (1994) оркестр әртісі мамандығы бойынша; Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының композиция факультетін (2000) композитор мамандығы бойынша; «Тұран» университетінің экономика факультетін (2007) экономист мамандығы бойынша бітірген.
ҚР Халық әртісі Роза Рымбаева; ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Нұрлан Абдуллин, Бақыт Шадаева; «Дервиши», «101» топтары; «Саз Отау» дуэті; сондай-ақ Асылбек Еңсепов, Лана, Ділназ Ахмадиева, Мақпал Исабекова, Медеу Арынбаев, Шұғыла және табы басқа да көптеген орындаушылар орындайтын 100-ден астам эстрада жанрындағы әндердің (1996 жылдан); 20-ға жуық инструменталдық шығарманың (домбыраға, скрипкаға, қобызға арналған), классикалық жанр шығармаларының, симфониялық оркестрге, ішекті квартетке арналған шығармалардың, сондай-ақ «Шығысқа», «Шарасыз ұры болғандар, немесе Сандықта не жатыр» фильмдері музыкасының және т.б. авторы.
1992-1996 жылдары - «Нава» фольклорлық ансаблінің оркестр әртісі, 1996 жылдан - Қ. Қожамияров атындағы Республикалық мемлекеттік музыкалық комедия ұйғыр театры ансамблінің музыкалық жетекшісі. 1993-1994 жылдары - П.И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің «Чанг аспабы» мамандығы бойынша педагогы.
1999 жылдан бері - «Дервиши» тобының солисі, композиторы, музыка әрлеушісі, топ жетекшісі, «Дервиши» дыбыс жазу студиясының директоры.
Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі (2002 жылдан).
«Media Wave» фольклорлық музыка халықаралық байқауында I орынға (Венгрия, 1999), «Жас Қанат» республикалық конкурсында II орынға (1999) ие болған. «Үздік әрлеуі үшін» «Азия дауысы» X халықаралық конкурсының сыйлығымен марапатталған (1999).

93 жыл бұрын (1920) Итальян республикасының оныншы президенті Карло Адзелио ЧАМПИ дүниеге келді.

87 жыл бұрын (1926-1999) американ физигі, Ұлттық Ғылым академиясының мүшесі КЕНДАЛЛ Генри Уэй дүниеге келді.

60 жыл бұрын (1953) американдық актер, продюсер және режиссер Джон МАЛКОВИЧ дүниеге келді.