Спортшының Тур де Франстың 9-шы кезеңінде құлап, ауыр жарақат алғанын ҚазАқпарат бұған дейін хабарлаған болатын. Топтың басында келе жатқан «Астана» командасының көшбасшысы еңіске түсу кезінде жолдың шетіне шығып кетіп, құлаған еді. Винокуров шұғыл Орийк госпиталіне жеткізіліп, онда рентгенге түсіріледі. Оның оң жақ жамбас сүйегі сынғаны анықталады. 10 шілде күні кешке Париждегі «La Pitié Salpetriere» госпиталіне жеткізіліп, операция жасалады.
Соңғы апталарда Винокуров Альпі және Италияның солтүстік жолдарында атақты чемпион Эдди Меркс және Филипп Жильбермен бірге жаттығу жасап жүр және ол өзінің тез қалыпқа түсіп келе жатқандығына көз жеткізген.
«Мен соңғы жаттығуларымда жарысқа қайтып оралу жөнінде көп ойландым. Мен жолда өзімді жақсы сезінемін, бірақ денсаулығыма қауіп төндіргім келмейді. Мен жекелей сындағы жарыстарға қатысудан бастауды шештім, себебі онда классикалық топтық жарыстарға қарағанда құлау қаупі әлдеқайда төмен. Сондықтан мен Ломбардий турында емес, Chrono des Nations жарысына қатысуды шештім. Бұл менің 2009 жылы жеңген жарысым еді. Алайда мен биыл ол жарыста жеңуге мақсат қоймайтыным анық. Мен жарыс ритмін сақтау және соңғы айларда өте үлкен қолдау көрсеткен жанкүйерлер үшін ораламын», - дейді А. Винокуров «Астана» клубының ресми сайтында жазған мәлімдемесінде.
Сонымен қазақстандық велошабандоз Францияның Харбьересінде болатын жарыстың трассасына келесі жексенбіде 16.30 сағатта шығады.