Абай облысында колонияға Wi-Fi-роутер өткізген күдікті анықталды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Пошта жөнелтілімдерін рентген жабдығы арқылы тексеру барысында режим бөлімінің қызметкерлері күмәнді затты анықтады. Сәлемдемені ашу кезінде құрылғының киімнің ішіне жасырылғаны белгілі болды. Тексеру нәтижесінде екі антеннасы бар Wi-Fi-роутер табылып, тәркіленді.

Аталған сәлемдеме ұрлық жасағаны үшін жаза өтеп жатқан 37 жастағы сотталғанға арналғаны анықталды.

Режим бөлімінің бастығы Нұрбек Рамазановтың айтуынша, мұндай әрекеттер дер кезінде анықталады.

"Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне тыйым салынған заттарды жеткізу әрекеттері қызметкерлердің үйлесімді жұмысы мен заманауи техникалық құралдардың арқасында жүйелі түрде тоқтатылуда. Бұл жағдайда да дер кезінде анықтау құрылғының сотталғанға жетуіне жол бермеді. Мұндай фактілердің барлығына құқықтық баға беріліп, кінәлі тұлғалар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады", – деді ол.