Абай облысында 22 миллион теңгеге айдалада жұмыс істемейтін әжетхана орнатып, сол істемейтін туалетке арнайы қызметкер бекітіпті. Оның жұмысы келген кісілерге туалет жұмыс істемейді деп айту, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Тоғыз миллион теңге тұратын дәретхана рекорд болмай шықты. Енді Абай облысындағы ең қымбат дәретханаға 30 миллионға жуық қаржы бөлінген.
«Барлық дәретханаларда розеткалар мен қол кептіргіштері, сонымен қатар гигиеналық құралдар – дәретхана қағазы мен сұйық сабын бар», - деп сендірген.
Ол видеоның астында халық бірқатар пікір қалдырған. Айтуларынша Алматыда жұмыс істейтін дәретханалардың барын білмепті. Тіпті таң қалып отыр. Бар болса да, үнемі жабық есікті ғана көретіндерін айтқан.
Әдетте, кез-келген қоғамдық дәретханаға кіріп шығу үшін 50 теңге төлейсің. Ал Вознесенский соборының жанында орналасқан әжетханаға 100 теңге төлеп кіре аласың. Есесіне әрқашан ашық. Қала әкімдігі ол ақшаға әжетханаға қажетті заттарды алуға жұмсаймыз деген. Шындығында біз оны көре алмадық.
Дәретханалар алдында монета қабылдағыш пен карталай төлемге арналған (тек кейбірінде) құрылғы қойылған. Оған қоса аппарат тек 50 теңгелік монетаны қабылдайды. Онлайн төлем жасау мүмкіндігі әзірше жоқ. Ол құрғыр тиын қабылдай алмаса, не үшін жасаған? Сынып қала берсе, адамды қойып жұмыс істету керек қой.
Басқа да мәселе бар. Қоғамдық дәретханалар қыстың күні де дұрыс жұмыс істемеді. Аяздан жарамсыз болып қалды деді, труба жарылды деді де ақталды. Қазір жаз. Оның өзінде тек 10.00 — 22.00 аралығында жұмыс істейді. Солай жазылған. Тіпті осы уақыт аралығында да есігі ашылмайды. Таңертең ерте тұрып жүгіретіндер, түнде қалада қыдырғысы келетіндер бар. Қоғамдық дәретхана дәл осы адамдар үшін емес пе? Олар қайда барады?
Міне, бақылаушы қойып қойған Абай облысындағы әжетхананың түрі мынау. 22 миллионның әжетханасы ашық болғанымен, келушілерді істемейді деп кіргізбейді. Желге ұшқан миллиондар...
Қаңтар айында АҚШ-тың әйгілі The New York Times газеті жаңа жылда баруға тұрарлық әлемдегі 52 жердің дәстүрлі тізімін жариялады. Бұл тізімде Алматы қаласы да бар болып шықты. Туристерге көрсететін жеріміз жетер-ақ. Жақында Мемлекет басшысы туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлу керектігін тілге тиек етті. Тіпті ТикТок әлеуметтік желісінің әлеуетін пайдалану керектігін айтты. Ал сервистен жұрдай болғанымызды қайтеміз?
Мысалы Алакөл ауданы, Көктұма ауылында он шақырымға бір туалет дейді. Оның өзі жабық тұр. Мынадан кейін қайдағы туризм? Қайдағы сервис?
Театр киімілгіштен басталса, туризм әжетханадан басталады.
Туристерден бұрын, өз халқымызды тіпті болмаса сапалы, қол жетімді, таза дәретханалармен қамти алмай отырмыз. Бұл «табысы төмен, дамудан қалған ел» дегенмен тең.
БҰҰ дерегі бойынша, әлемде 4,5 миллиард адам қауіпсіз дәретханаға әлі қол жеткізе алмай жүр. Сөйтіп диарея мен антисанитариядан туындайтын өлім саны да арта береді.