Абай Бегей мен Асхат Тарғын қара нәсілді әріптестерін сотқа бермек

“Бүгін біз Ақылбек Жеменейдің “Қызыл өрік” атты өлеңін айттық. Абай Бегейдің “Аспанға қараймын” атты әнін де орындап жүрміз. Атауы “Ай мүсін” болса да, көпшілік оны “Аспанға қараймын” деп біледі. Мұнымен қатар, репертуарымызда әйгілі сазгер Шәмші Қалдаяқовтың “Арыс жағасында” атты әні бар. Дос-Мұқасанның “Қайдасың” атты туындысын да орындап жүрміз. Бізде қазақ репертуарлары жетерлік”, – дейді Килиманджаро тобының көшбасшысы.

Достары WhatsАpp желісі арқылы аталған топтың әнді орындап тұрған сәтін түсіріп, Абай Бегей мен Асхат Тарғынға жолдаған. Қос әнші бастапқыда тойдың көптігін айтып үндемеген екен. Бірақ өздеріне тиесілі әндермен үлкен сахнаға шығып жүргенін білгенде, сотқа бермек болған.

“Келіп, нанын тауып, күн көріп жатыр екен. Өз елінде жағдайы жақсы болса, бізге келіп күн көрмейді ғой. Бастапқыда той бәрімізге жетеді деп қазақшылыққа салындық. Сөйтіп жүргенде олар тойды қойып, теледидарда шықты. Я рұқсат жоқ. Тойда айтып жүрген кезде де бізге ескертпеген. Тіпті өз әнімізді өзімізге айтып, тойда алдымызда сайрап жүрді. Бізге ыңғайыссыз. Телеарнадағы түсірілімде айтып жатқан соң біз қолға алдық. Бір емес, екі емес, үш рет көрдік. Таныстарым достарым телефон арқылы маған, мен Әбекеңе жібердім. Аналарға тікелей звондап, қазір тоқтаттық. Менің де, Әбекеңнің де құжаттары дайын тұр”, – деп Асхат Тарғын жақында жігіттерді сотқа шақыртатындарын айтты.

Әріптесінің бұл сөзін Абай Бегей де қостай түсті. Десе де, ол жігіттерден айыппұл немесе басқа нәрсе керек еместігін айтады. Бар болғаны өзіне тиесілі әндерді ешқашан орындамауларын сұрағысы келеді екен.

“Мен бұл әнді менен басқаға айтқызбау үшін құжаттар жинап бастадым. Енді оларды сотқа шақырып, заң жүзінде сөйлесіп, айтқызбайтындай қылғым келіп отыр. Ақша немесе басқа дүние талап етпеймін. Олардың бізге деген титтей болсын құрметі болуы керек қой. Қазір бәрімізде бір-бір ұялы телефон бар. Әніңізді айтайын десе, ешкім де қарсы келмейтін еді. Олар тойды қойып, эфирге шыға бастаған соң ренжідім. Осыдан кейін түбегейлі айтқызбайтындай қылғым келіп отыр”, – дейді Абай Бегей.

Асхат Тарғын оларға қатаңдық таныту керектігін, екі жыл бойы қазақ азаматтарына тиесілі әндермен жағдайын жасағандары жететіндігін айтады.


“Ақша беріп, келісейік дегендей болды. Біз екі жыл бойы жағдайларыңды жасадыңдар, енді басқа әндер айтыңдар дедік. Біз олардың еліне барып осы әрекеттерін қайталасақ, бізді қуып шығады. Заңмен ақша да төлетеді. Әлі де қазақшылыққа салынып, Әбекең тоқтау айтты. Оларға осымен соңғы рет ескерту жасап отырмыз”, – дейді ашуланған Тарғын.

Қазақтың әндерін орындап, несібелерін тауып жүрген топ басқа амал іздеуге көшкен. Қазаққа үш қайнаса да, сорпасы қосылмайтын Килиманджаролқтар кеудесін қазақпыз деп соғатын дәрежеге жеткен. Олар қазақстандық әншілермен арада ауыз толтырып айтарлықтай дау болмағанын жеткізіп отыр.

“Камераға той-томалақтан қанша табатынымызды айтпаймыз. Біз барлығын жақсы көреміз, басқалар да бізді ұнатады. Болған нәрсенің барлығы артта қалды. Біз доспыз. Біз қазақпыз ғой. Сондықтан жүрегімізде еш кек сақтамаймыз. Болған ұрыс-керістің бәрі артта қалды. Абаймен кездеспедік, арамызда келіспеушілік болып жатқанынан да бейхабармыз. Бізде “Сол жақ бірнәрсе беріп жатса, оны оң жақ көрмеуі тиіс” деген киелі сөз бар. Егер белгілі бір түсініспеушіліктер болса, оған бола ренжісуге болмайды. Қандай жағдай болмасын бір шешімге келеміз деген ойдамын”, – дейді Килиманджаро тобының солисі.

Заңгер Мәулен Әмитханұлының айтуы бойынша, олар соттың ертесінде-ақ өз елдеріне кетуге мәжбүр болып, бес жылға дейін Қазақстанға кіре алмауы мүмкін екен. Егер бес жылдан кейін тағы да заң бұзушылық жасаса, он жылға дейін елден аластатылатын көрінеді. Ал әзірге сот отырысының нақты қай күндері болатыны белгісіз.