Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы - ақын, ағартушы, философ, композитор, саяси қайраткер

Абай Шығыс пен Батыс мәдениеті мен өркениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» - тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды.

Шығармалары

Абай өлең жазуды 10 жасында («Кім екен деп келіп ем түйе қуған...») бастаған. Одан басқа ертеректе жазылған өлеңдері — «Йузи-рәушән», екіншісі — «Физули, Шәмси». «Сап, сап, көңілім», «Шәріпке», «Абралыға», «Жақсылыққа», «Кең жайлау» өлеңдері 1870 — 80 жылдар аралығында жазылған. Ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы — «Қансонарда» 1882 ж. жазылған. Алайда жасы қырыққа келгеннен кейін ғана көркем әдебиетке шындап ықылас қойып, көзқарасы қалыптасып, сөз өнерінің халық санасына тигізер ықпалын түсінеді. Шығармалары үш жүйемен өрбиді: бірі — өз жанынан шығарған төл өлеңдері; екіншісі — ғақлия (немесе Абайдың қара сөздері) деп аталатын прозасы; үшіншісі — өзге тілдерден, әсіресе орысшадан аударған өлеңдері.

Абай өлеңдері түгел дерлік лирикадан құралады, поэма жанрына көп бой ұрмағаны байқалады. Қысқа өлеңдерінде табиғат бейнесін, адамдар портретін жасауға, ішкі-сыртқы қылық-қасиеттерін, мінез-бітімдерін айқын суреттермен көрсетуге өте шебер. Қай өлеңінен де қазақ жерінің, қазақтың ұлттық сипатының ерекшеліктері көрініп тұрады. Ислам діні тараған Шығыс елдерінің әдебиетімен жақсы танысу арқылы өзінің шеберлік — шалымын одан әрі шыңдайды. Шығыстың екі хикаясын «Масғұт» және «Ескендір» деген атпен өлеңге айналдырады. Ислам дініне өзінше сенген діни таным жайындағы философиялық көзқарастарын да өлеңмен жеткізеді. Абайдың дүниетанудағы көзқарасы XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақ халқының экономикасы мен ой-пікірінің алға ұмтылу бағытта даму ықпалымен қалыптасты. Дүниетану жолында сары-орыстың төңкерісшіл демократтарының шығармаларын оқып, өз дәуірінің алдыңғы қатарлы ой-пікірін қорытып, басқаларға қазақ өміріндегі аса маңызды мәселелерді түсіндіруге қолданады. Дүниетану өңірінде екі қасиеттің — сезім мен қыйсынның , түйсік пен ақылдың қатынасын таразылайды. Сондықтан да: «Ақыл сенбей сенбеңіз, Бір іске кез келсеңіз» деп жазады.

Кез келген халықтың тарих сахнасына шығуы — жүйеге бейімделген біртектес өмір салттың ғана нәтижесі емес, сонымен бірге қасиеттік деп саналатын- арман-аңсардың (идеал) да біртұтастығына айғақ. Олай болса Абай сынының тәлкегіне түскен еріншектік, дарақылық, жалқаулық, күншілдік, өтірікшілік, өсекшілдік, мақтаншақтық, жағымпаздық, жікшілдік сияқты қасиеттер қазақ баласының кейбірінің бойындағы туа біткен кемшілік емес, сол Абай өмір сүрген қоғамдағы саяси әлеуметтік қатынастардың нәтижесі екеніне ден қою қажет. Сонда, Абай бұрынғы бабаларымыздың бойынан көрген «кемшіліктерді» себеп ретінде емес, сол замандағы саяси-әлеуметтік қатынастардың салдары ретінде қарастыруға жол ашқан.

Қара сөздері

Абайдың көркемдік, әлеуметтік гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі - қара сөздері. Абайдың қара сөздері (Ғақлия) - ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық бес бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан. Оның алты-жеті үлгісі қысқа болса, қайсыбіреуі мазмұн, тақырып жағынан өзгешелеу, ауқымды болып келеді. Абай өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зор салған.

Сөйтіп көркемдік шеберлік пен ғылыми зерделік арқылы көркемдік сана мен философиялық сананы ұштастырады. Абайдың қара сөздеріндегі гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары дін туралы пікірлерімен бірігіп, тұтас бір қазақ халқының философиялық концепциясын құрайды. Абайдың кара сөздері сондай-ақ жалпы адамзат баласына ортақ асыл сөзге айналды.


Оның қара сөздерінің бірнешеуі ең алғаш 1918 ж. Семейде шыққан "Абай" журналында жарық көрді. Кейіннен, Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз, т.б. көптеген әлем тілдеріне аударылды.

Абай Құнанбайұлының дінге көзқарасы

Абайдың дінге көзқарасын бағалап, тұжырымдауда екі түрлі қате пікір орын алып келді. Кейбір зерттеушілер Абай «ислам дінінің қазақ ішінен шыққан өкілі» деп келсе, екінші бір зерттеушілер Абайдың дін туралы ойлары ақын шығармашылығының әлсіз, кертартпа жағы деп түсіндіреді. Алғашқы пікір Абайға тағылған жала болса, соңғысы - ақынның дін туралы түсініктеріне тарихи, диалектикалық тұрғыдан қарамай, тұрпайы социологияға бас июдің салдарынан туған болжам. Абайдың дін туралы толғамдарын дұрыс түсініп, бағалау оған тарихи тұрғыдан қарауды талап етеді. Абай заманында қазақ даласында қос дінділік орын алды, ресми өмірде ислам діні үстемдік еткенімен, күнделікті тіршілікте шаманизмдік түйсіктер мен түсініктер басым болды. Қос дінділік қазақ халқының сол кезеңдегі наным-сенімі мен дүниетанымынан айқын байқалады. Шаманизмдегі негізгі категория-«Тәңірі», исламдағы - «Алла» қазаққа тән ұғымдар. Шаманизмде тәңірінің, аруақтардың адамдармен ұштастырушы «жын» болса, исламда Алланың адамдармен байланыстырушысы «періштелер» деп саналды. Қазақтың күнделікті өміріңде шаманизмнің өкілі, іс жүргізушісі - жын шақыратын бақсылар, ал ислам дінінде - өздерін пайғамбардың ұрпақтары санайтын қожалар болды. Абай «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» еңбегінде қазақ жерінде ислам дінінің қалай тарағандығын және оның шаманизммен байланысын арнайы талдайды.

Абайдың дін мәселелері - құдай мен адамның, өмір мен өлімнің, жан мен тәннің, иман мен ұяттың, дін мен ғылым, дін мен дін иелерінің өзара байланысы туралы түсініктері антиклерикалдық бағыттағы талдау. Құдай мен адамның қарым-қатынасын Жиырма жетіншіЖиырма сегізінші сөздерінде арнайы талдап, гректің ұлы ойшылы Сократпен пікір таластырады.

Озық ойлы орыс зиялы қауымының өкілдерімен араласуы

Болашақ ақынның дүниеге көзқарасының қалыптасуына оның озық ойлы орыс зиялы қауымының өкілдерімен араласуы орасан зор ықпал етті. Ол кезде өз Отанының тәуелсіздігі жолындағы ұлт-азаттық қозғалыстарға белсене қатысушылар Қазақстан аумағына жер аударылып келіп жатты. Олар, атап айтқанда,Украина мен Польшадағы зиялы қауымның неғұрлым білімді өкілдері болатын. Жер аударылып келгендердің арасында патша үкіметінің саясатына қарсы шыққан орыс зиялы қауымының өкілдері де аз емес еді. Олар Абайдың саяси көзқарасының қалыптасуына ықпал етті. Атап айтқанда, Е. Михаэлис, А. Леонтьев, С. Гросс, А. Блек, П. Лобановский, Н. Коншин, Н. Долгополов және басқалары еді.

Олар Абаймен бірге жиі-жиі қонақта болып жүрді. Қазақ ақыны солардың арқасында озық ойлы орыс мәдениетінің алып өкілдері А.С. Пушкиннің, М.Ю. Лермонтовтың және басқалардың шығармаларымен жете танысты.