Абай неге қажылыққа бармады?

Бұл туралы Сaravan.kz медиа-порталы BAQ.kz-ке сілтеме жсап хабарлайды. 

Білім, ғылымға құмар Абайдың Қытайға барып кітап ақтарамын десе де, Бұхарға барып білім аламын десе де әкенің дәулеті мен ұзын қолы жететін. Алайда осынша дәулет бола тұра, ғылым мен білімге құмар Абай Семейден ұзап ешқайда барған жоқ. Бұл бір. Екіншіден, Абайдың діни сауаты терең болды. Шариғаттың шарттарын, сүннеті мен парызын жақсы білді. Бірақ тағы да сол бар мүмкіндігі бола тұра, Құнанбай қажының ұлы Меккеге бармады. Осы орайда "Абай неге Семейден ұзап шықпады?", "Қажының баласы неге бесінші парызын орындамады?" деген сұрақтар туындайды. Біз осы сұрақтардың жауабын абайтанушы Асан Омаровтан сұрап көрдік. 

Асан Омаров, абайтанушы:

Абай сол кездегі көзқараспен қарағанда өте көп көлемде білім алды. Ол заманда Семейде үлкен кітапхана болған. Ол жерде грек ойшылдарының, орыстың ақын-жазушыларының кітаптарынан бастап әлемдік деңгейдегі үлкен кітаптардың қоры бар еді. Абай жасатайынан сол кітаптарды оқып өсті. Кейін елден жыраққа шыққан, қажылыққа барған татар достары шығыстың айтулы ғұламалары мен ақындарының кітаптарын алып келетін. Шығыстың Низами, Науаи, Сәғди, Қожа Хафиз, Фзули сияқты ұлы ғұлама, классик ақындарын оқыды. Мен бала кезімде Семейдің мешітіндегі қабырғаға жағалай жиналған көп кітаптарды өз көзіммен көргенмін. Ол 1970 жылдар болатын. Кеңес заманы келіп, кітаптардың бәрін құртқан кез еді. Ал Абай заманында оның қандай болғанын елестетіп көріңіз. Осынша кітаптың арасында отырған Абайға Семейден ұзап шығудың қажеті де жоқ еді. 

Ал, қажылыққа бару мәселесіне келсек, Абайдың көп уақыты болған жоқ. Көбіне тіршілікке байлаулы болды. Күндіз Абайдың алды кісіден босамайтын. Түнде жазатын. Екінші жағынан ол заманда қажылыққа бару қиын болатын. Әкесі Құнанбай үш ай жүріп қиындықпен, бейнетпен барды. Абай бейнетке жоқ кісі болды. 


Бұл туралы баласы Тұрағұл өзінің естелігінде Долгополовтың Абайды сынағанын жазады. 

"Сенің басың алтын адамсың, бірақ үйренген әдет-салтың ұнамсыз, таңертең төсектен тұрасың, киімдеріңді біреу әкеліп береді, арқаңа шапаныңды жабады, есікті ашып тысқа шығарады, қайтып келген соң тағы да есікті ашып үйге енгізіп, алдыңа шылапшынды әкеліп, құманмен суды қолыңа құяды. Ас келсе, шайыңды құйып береді, етіңді жапырақтап береді, ұйықтамақ болсаң, төсегіңді салып, өзіңді біреу шешіндіріп, жатқызып, шақшаңды бір жағыңа, мұрын орамалыңды бір жағыңа тығып, үстіңе көрпеңді жауып салады. Өзің-өзің үшін не қыласың? Әр нешік ұйықтап көресің", - депті Долгополов естелігінде. Осы Долгополовтың аз ғана сөзі менің әкемнің бірқатар әдетін, салтын көрсетер деп жаздым, бірақ бұл әкеме сырт берілген сын, оның оқу, жазу, ой қызметі – бәрінен де қиын ғой, Долгополов осы жағына көңіл бөлмеген сияқты, - деп жазады Тұрағұл.