–Бұл «Абай» операсының жаңартылған қойылымы. Мұхтар Әуезов либреттосына Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди арнап жазған опера алғаш рет 1944 жылы желтоқсан айында сахналанды. Содан бері шоқтығы биік туынды театр репертуарының басты қойылымына айналды.
Ұзақ жылдар бойы қара шаңырақтың шымылдығын ашып келген операны заманға сай өзгертуге италиялық мамандар үлес қосты. Тіпті артистердің киімдері жаңадан тігіліп, сахна декорациясы толығымен өзгерген. Мұнда заманауи сандық технология да бар.
Андреа Чиньи, қоюшы-режиссер:
– Қазақ тілінде «Абайды» қою мен үшін үлкен тосынсый болды. Жалпы осы опера туралы бұрын-соңды естімеген едім. Бірақ әлемдік деңгейдегі Абай ақынды білетінмін. Сол арқылы қазақтың ұлттық ерекшелігін зерттей бастадым.
«Абай» операсында Ажар мен Айдардың арасындағы шынайы махаббат пен сол қоғамдағы даланың ескі заңдарына қарсы пікірталас суреттелген. «Мыңмен жалғыз алысқан» ақынның партиясын бұл жолы Талғат Күзембаев орындады.
Талғат Күзембаев, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:
–Әрине, Абайдың ролін сомдау әр әншінің арманы. Бүгін мен осы бақытқа бөленіп отырмын, қуаныштымын. Үлкен жауапкершілікті мойныма алып отырмын деп есептеймін.
Бір-біріне ынтық екі жастың әрекетін оғаш қылық деп есептеген көпшілік оларды халық сотына салады. Ал Ажар мен Айдарды өлім жазасынан арашалаған Сырттан бидің ролін Қайрат Өмірбеков ойнайды.
Қайрат Өмірбеков, артист:
–Абай операсынан мен осы театрға келгелі айтатын жақсы дауыстар көп болды. Ермек Серкебаев Абай партиясын айтты. Мұрат Мұсабаев, Бақытжан Ысқақовтікіндей мықты-мықты дауыстар болды. Солар салған жақсы дәстүрді біз ары қарай жалғастырып келе жатырмыз.
Қайта түлеген операның қоюшы-дирижері Ахмет Жұбановтың шөбересі – Алан Бөрібаев. Қойылым орыс, ағылшын тілдеріне аударылған. Алдағы күндерде «Абай» операсын италия тілінде сөйлету қолға алынды.