Л.Аликова Абайда аурудың белең алуына әбден шіріп, тозығы жеткен құбырлар арқылы жіберілген ауыз су себепкер деген бұған дейінгі жорамалды растады.
14-қыркүйек, сейсенбіде Абай қаласында эпидемияға қарсы комиссия, штаб, ҚР мемлекеттік санэпид қадағалау қызметі комитетінің өкілдері, денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық әкімшілік өкілдерінің бірлескен жиналысы болды. Онда қалыптасқан ахуалды реттеу жолдары талқыланды.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, сары аурудың белең алуына байланысты Абайда №14 мектеп карантинге жабылған. №10 және №1 мектептерде екі сынып таратылды. Эпидемияға қарсы төтенше комиссия мүшелерінің айтуынша, мұндай шара сыныпта үштен артық бала ауырған жағдайда қабылданып отыр.