Алдын ала жасалған жоспарға сәйкес, кітаптар көрмесі ұйымдастырылып, Ата заңның 15 жылдығы құрметіне саяси-мәдени кеш өткізіледі. Бұл шараға кітапхана оқырмандары шақырылады.
Айта кету керек, 1999 жылы Үкіметтің қаулысына сәйкес облыстық әмбебап ғылыми кітапханаға халық жазушысы, көрнекті ақын Әбділда Тәжібаев есімі берілген. Ал 2009 жылы қараша айында кітапхана қазіргі заман талаптарына сай салынған үш қабатты жаңа ғимаратқа ие болды. Ғимараттың жалпы алаңы 8353 шаршы метрді құрайды.
Сәулетті кітапхананың қақ төрінде Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың: «ХХІ - ғасыр мәдениеттің, ғылым мен білімнің ғасыры. Бар білімнің қайнар көзі - кітапхана» деген қанатты сөзі жазулы тұр.
Қазіргі таңда кітапхана заманауи компьютерлік құрал-жабдықтармен жасақталған, оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарамастан барлық санаттарына қызмет көрсететін өңірдегі ең ірі ақпараттық мәдени орынға айналып отыр. Кітапхана қоры 444 мың 048 дана кітапты құрайды. Оның 92 мың 525 данасы қазақ тіліндегі кітаптар. Кітапхана жылына 28 мыңнан астам оқырманға қалтқысыз қызмет көрсетеді.
Кітапхана директоры Нұржамал Ахметқалиқызы Мырзамұратова өзі басқаратын ұжымның оқырмандарға сапалы және жоғары қызмет көрсетуі жолында көптеген істерді жүзеге асырып отыр. Атап айтқанда, кітапханада оқырмандарға қызмет көрсететін 11 бөлім және 3 сектор жұмыс істейді. Оқырмандардың сұранымына сәйкес 2010 жылы шетел әдебиеттері және ақпараттық-сервистік қызмет көрсету секторы, сирек кітаптар мен қолжазбаларды қалпына келтіру секторы ашылды.