"Төрт жылдан бері сенатты басқарып келе жатқан Нұртай Әбіқаев дипломатиялық қызметке кетуге ықылас білдірді. Мен оның өтінішін қабылдадым. Ол Ресей Федерациясындағы елші болады",- деді бүгін сенаттың жалпы отырысында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Сенаторлар Н.Әбіқаевты палата спикерінен босатуды бір ауыздан қолдап дауыс берді.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2004-жылдың 10-наурызында Нұртай Әбіқаев сенаттың шешімімен палата спикері болып тағайындалды.
Н.Әбіқаевтың кандидатурасын палатаның қарауына палата спикері Оралбай Әбдікәрімовтың отставкаға кетуіне байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған болатын.
Н.Әбіқаев 1947-жылы туған. Орал политехникалық институтын, Алматы жоғарғы партия мектебін бітірген, мамандығы - инженер-механик. Экономика ғылымдарының докторы дәрежесі мен төтенше және өкілетті елші деген рангы бар. ҚазақКСР Коммунистік партиясының орталық және аудандық комитеттерінде істеген. Орталық комитет хатшысының көмекшісі, ҚазақКСР министрлер кеңесі төрағасының көмекшісі, ҚазақКСР Коммунистік партиясының орталық комитетінің бірінші хатшысының көмекшісі, Қазақ КСР президенті аппаратының жетекшісі болды. 1991-1994-жылдарда Қазақстанның президенті аппараты мен министрлер кабинетін басқарды. 1994-1995-жылдары президент аппаратын басқарды. 1995-1996-жылдары дипломатиялық қызметте болды. 1996-жылдан бері Қазақстан президентінің бірінші көмекшісі болды. 1998-1999-жылдары ҚР ҰҚК-ін басқарды. 2000-2002-жылдары Қазақстанның бірінші сыртқы істер вице-министрі болды. 2002-жылдың қаңтарынан бастап сенат спикеріне тағайындалғанға дейін ҚР президентінің әкімшілігін басқарды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті