А.Бөлдешевтің қорғаушысы Байбосын Биділдаев оған кесілген үкімге қарсы шағымданбақ

«Аппеляцияға шағымданамыз. Дәлелдер дұрыс бағамдалған жоқ. Іс материалдары оның кінәсінің дәлелденбегенін көрсетіп тұр. Бөлдешевтің іс-әрекетінде қылмыстық құрам жоқ. Бірақ бұл назарға алынған жоқ», - деді Б.Биділдаев бейсенбі күнгі сот процесінен кейін журналистерге.

А.Бөлдешевтің зайыбы – Гүлмира да үкіммен және істі тергеу барысымен келіспейтінін жеткізді.

«Сіздерден көп нәрсені жасырды. Мен баспасөз мәслихатын өткізіп, бәрін де айтып беремін. (...) Мен мүлдем келіспеймін», - деді ол.

Бейсенбі күні Астананың әскери соты авиация генерал-майоры Асқар Бөлдешевті 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарған болатын. Сонымен қатар, сот президентке оны «авиация генерал-майоры» атағы мен мемлекеттік наградалардан айыру туралы ұсыныс жасауды қарар етті. Ал, А.Бөлдешевтің сыбайласы - RG ЖШС директоры Талғат Жұмаханов алты жылға сотталды. Сондай-ақ, сот А.Бөлдешев пен Т.Жұмахановтан 114 млн 508 мың 350 теңге өндіріп алу туралы қаулы етті.