Абзал бес жасында Алматыға көшіп келген. Әкесі Алтай етегінің, анасы Павлодардың тумасы. Балаларына жарқын болашақ, сапалы білім беру үшін ата-анасы мегаполиске қоныс аударуды шешкен.
«Мен 90-жылдары оқыдым, сол кездегі көптің бірі едім. 5-сыныпта қазақ музыкасына қызыға бастадым. Домбыраға деген сүйіспеншілігімді мектебімізге сол кезде жаңадан келген керемет мұғалім оятты. Оған алғысым шексіз. Содан кейін мен кәсіби музыкант болуды ұйғардым», - деп еске алады Абзал Арықбаев.
Ол 9-сыныптан кейін Алматыдағы П.И. Чайковский атындағы музыкалық колледжге оқуға түседі. Қалдыгүл Рақышева 4 жыл домбыраның қыр-сырын үйреткен. Кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына түсіп, кәсіби білімін жалғастырып, магистратураны қосқанда 6 жылдан соң аяқтаған.
«Бірінші курста Зәмзәгүл Ізмұратова жетекшілік ететін «SARYN» этно-фольклорлық ансамблінің мүшесі болдық. Одан кейін «Сазген сазы» ансамблінде курстас достарымызбен бірге өнер көрсеттік. Ал 2008-2009 жылдары олар өздері «Тұран» этно-фольклорлық ансамблін құрды. Сол колледж қабырғасында оқып жүргенде досым Бауыржан Бекмұханбетов екеуміз осы идеяны ойластырып, түрлі әуендер шығарып, дәстүрлі музыка әлемінде жаңа үрдіс орнатуды армандадық», – деп еске алады Абзал Арықбаев.
«Тұран» ансамблінің гастрольдік сапарлары бірден Еуропада басталып, өте сәтті өтті.
Бір кездері Нұрсұлтан Назарбаев қорының көрсеткен қолдауының арқасында «Тұран» ансамблі әлемнің түкпір-түкпірінен келген көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, танымал бола алды. Ол кезде біз енді гастрольдік сапарымызды бастап, белсенді өнер көрсете бастаған едік. Алғашқы альбомымызды шығаруды армандадық. Ол үшін 10 шақты туындымыз болған. Бірақ ол кезде альбом шығару өте қымбат еді. Сол кезде аталмыш қордың гранттары туралы естіп, қатысып көруге шешім қабылдап, бағымызды сынап көрдік, жеңіп шықтық. Бұл "Тұран" үшін жетістік пен табысқа бастаған жол болды", - дейді Абзал Арықбаев.