Адал еңбек: мұғалімнен мұнайшыға дейінгі жол

Адам өмірінде кейде күтпеген, бірақ тағдырлы шешімдер болады. Мұнайшы Бүркіт Тұрсыновтың өмір жолы да соған дәлел.

Бүркіт Файзрахманұлы Қарағанды облысының Атасу кентінде дүниеге келген. Оқушы шағында-ақ алғырлығымен көзге түсіп, орта мектепті күміс медальмен тәмамдайды. Білімге деген құштарлығы оны мұғалімдік жолға жетелеп, алғашқы еңбек жолы мектепте информатика пәнінің мұғалімі болып басталған. Ол үшін ұстаздық – тек мамандық емес, үлкен жауапкершілік те еді.

стаздық қызметтен басталған еңбек жолым уақыт өте келе ел экономикасы үшін аса маңызды мұнай саласымен жалғасатынын бастапқыда жоспарламағаным рас. Осыдан 20 жыл бұрын, елімізде маңызды жоба -  Атасу – Алашанькоу мұнай құбыры іске қосылып, өңірге жаңа серпін әкелді. Ел үшін маңызды жобаның мәнін терең түсінгендердің бірі едім. Мұнайшы болуға бел байладым. Әрине, мектептен өндіріс саласына ауысу оңайға соқпады. Бәрі жаңа, талап та жоғары еді. Дегенмен, үйренуге деген ынта мен табандылық барлық қорқынышты жеңіп шықты', - деп әңгімелейді Бүркіт Тұрсынов.

Алғашқыда  «Қазақстан–Қытай құбыры» компаниясында оператор болып жұмыс істей жүріп, мұнайды есептеу, сынама алу, зертханалық жұмыстарға қатысу секілді жауапты міндеттерді атқарды. Уақыт өте келе тәжірибесі мен біліктілігі бағаланып, мұнай есептеу инженері қызметіне көтерілді. Бүгінде оның басты міндеті – мұнайдың сапасы мен көлемінің нақты есептелуін қамтамасыз ету.

Мұнай саласы үлкен жауапкершілікті, ұқыптылық пен төзімділікті талап етеді. Өнеркәсіптік қауіпсіздік пен экологиялық талаптарды сақтау – күнделікті жұмыстың ажырамас бөлігі.

 «Салада ұзақ жылдар  еңбек ету маған күш-жігер беріп қана қоймайды, алдағы істерге ынталандырады. Жұмысшы мамандығының қадірлі екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев талай маңызды жиындарда атап айтты. Бізге деген көптің ыстық ықыласы, Үкімет пен жергілікті биліктің қолдауы айқын сезіліп отыр. Биыл жұмысшы мамандар үшін арнайы ипотекалық бағдарлама қабылданды. Жұмысшыларды қолдауға бағытталған өзге де жобалар бар. Осының барлығы жұмысымызға шабыт сыйлайды», деп атап өтті ол.

Бүркіт Тұрсынов үшін отбасының орны ерекше. Жұбайы Динара Боранқұлқызы  өмірін білім мен тәрбиеге арнаған жан. Ол аудан орталығында ашылған тұңғыш қазақ балабақшасын басқарып, ұлттық құндылықтардың дамуына үлес қосып отыр. Ерлі-зайыптылар үш ұл өсіріп, оларды адал еңбек пен адамгершілікке тәрбиелеп келеді.

Атап өтерлігі, мұнайшының көп жылғы адал еңбегі елеусіз қалған жоқ. Былтыр Қазақстан мұнайының 125 жылдығына орай Энергетика министрлігінің төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ түрлі жылдары салалық мекемелердің Алғыс хаттарына ие болған.

Сөз соңында өз еңбек ұжымы тату-тәтті жағдайда еңбек ететінін жеткізді.

«Барлығымыз бір отбасының мүшелері сияқтымыз. Біреуіміз үлгермей жатсақ, өзгелері көмектесуге дайын тұрады. Ұжымдық рух айқын сезіледі. Ал мұндай жерде еңбек етудің өзі рахат. Ізімді басып келе жатқан жастарға айтарым, ең бастысы мақсатты дұрыс құра білу керек. Екіншіден, кез келген істе асығыстыққа жол бермеу маңызды. Мақсат дұрыс болса, кез келген қиындықтан жол тауып шығуға болады», деп түйіндеді сөзін маман.

Автор: Caravan.kz