Адам өліміне себепші болған жас жүргізуші қолға түсті - Ақмола облысы

Полицейлердің мәліметі бойынша ағымдағы жылдың 26-шы қаңтар күні Шортанды аудандық ІІБ кезекшілік бөліміне «Астана-Көкшетау» тас жолының бойында ер адамның денесі жатқанын хабарлаған. Оқиға орнына дереу жеткен құқық қорғау органдарының қызметкерлері «Астан-Петропавл» күре жолында Астанаға бет алған белгісіз көліктің 48 жас шамасындағы ер адамды қағып кеткенін біледі. Ол сол жерде дене жарақатынан көз жұмған.

Жедел-іздестіру шарасы барысында көлік пен оның жүргізушісі де анықталды. Ол Шортанды ауданындағы Бозайғыр ауылының 20 жастағы тұрғыны болып шықты. Кейін тергеу барысында белгілі болғандай ол сенім хатпен берілген «Ваз Приора» көлігімен аталған жолдың бойымен жүйткіп келе жатқанда ер адам алдынан жүгіріп шыққан. Оның жансыз жатқанын көрген жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткенін мойындайды.

Қазіргі кезде мерт болған ер адамның денесі Ақкөл қаласындағы мәйітханаға жіберілді. Осы оқиға байланысты ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.