"Адам өлтіріп, сол үшін сыйақы жинайды": Отбасын қырған 21 жасар жігіт ойнаған ойын туралы не белгілі

Адамшошырлық бұл ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде пайда болғаннан бастап, жас жігіт ойнаған онлайн ойынға қатысты түрлі болжамдар айтылуда, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Әлеуметтік желіде отбасына қастандық жасаған азаматтың Standoff2 ойынын ойнайтыны туралы ақпарат тарады.

Осы ретте аталмыш ойын туралы ізденіп көрдік.

Уикипедия ашық энциклопедиясындағы ақпаратқа сенсек, Standoff 2 мобильді ойыны ресейлік Axlebolt компаниясының өнімі. Бұл ойын 2017 жылы Android платформасы үшін, ал 2018 жылы iOS үшін әзірленген. Ойынның негізгі сипаты - түрлі қару-жарақпен адам өлтіріп, сол үшін сыйақы жинау. Ал, ойындағы әрбір қару ойыншының тактикалық мүмкіндіктерін шектейтін әртүрлі сипаттамаларға ие. Олар: оқты кері қайтару, ату қарқыны, кісі өлтіру сыйақысы, оқ-дәрі қоймасы.

Ойынның бастапқы кезеңдерінде бомба қою, командалық жекпе-жек, эскалация және т.б. сияқты әртүрлі ойын режимдері бар. Ойыншы он бесінші деңгейге жеткенде, оған "одақтастар" режимі ашылады, онда матчтар 2х2 форматында өтеді. Ал жиырмасыншы деңгейге жеткенде ойыншы арнайы жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады.

Бұл ойын, жастар арасында өте танымал. Оған ойынның 2021 жылдың үшінші тоқсанында ресейлік ойындар нарығындағы ең табысты үштікке кіргені дәлел.

2024 жылдың 1 тамызында Stream Hatchet порталы бейне ағындық қызметтердегі мобильді ойындарды қарау статистикасымен бөлісті. Сайт ұсынған мәліметіне сенсек, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Standoff 2 ойыны 10,7 миллион сағат бойы қаралған.

Кейбір деректерде ет жақындарын бауыздап тастаған астаналық жігіт Free Fair ойынын ойнаған көрінеді.

Free Fair да атыс шабысқа негізделген желі арқылы ойналатын танымал мобильді ойын. Экшн жанрындағы бұл ойында ойыншылар соңғы тірі қалу құқығы үшін өзара соғысады. Басқа ойындардан ерекшелігі мұнда ойыншы жалғыз немесе жұпта, үш немесе төрт адамнан тұратын топта шайқасуды өзі таңдайды.

Дегенмен, полиция департаменті геймердің нақты қандай ойын ойнағаны туралы мәлімдеме жасаған жоқ.

Еске сала кетейік, бұған дейін 21 жасар жігіттің туыстарын пышақтағанын, оқиға орнында 3 адам жараланып, 1 адам қайтыс болғанын жазған едік.