Онда Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында айтылған мәселелер талқыланды. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.
Жиын барысында Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл сөз сөйледі. «Қоғамдағы ең үлкен идея - «Мәңгілік ел» және «Қазақ елі». Президент қазақ елін, яғни Қазақстанның тәуелсіздігін сақтай білсек қана, ол ғұмырлық өлшем тұрғысынан мәңгі өмір сүру мүмкіндігіне ие болатынын айтты. Қазаққа керегі де - осы. Түп негізі сонау сақ, ғұн дәуірлерінен тамыр тартқан қазақы болмыс-бітімімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің беріктігін көрсету. Ол ізденісті, қажыр-қайратқа толы еңбекті қажет етеді. Демек, мәселе қоғамның қозғаушы күші адам капиталында», - деді депутат. Оның пайымынша, мемлекеттің мүшесі - адам өзін-өзі рухани және заттық тұрғыдан толықтырып, дамытса, елдің тәуелсіздігі тұғырлы болмақ.
«Адам рухының өлшемі - Абай атамыз айтқандай «толық адам». «Толық адам» деген ішкі жан-дүниесі бай, дүниенің өткіншілігін біліп, уақытын босқа жібермеуге тырысып, қоғамға, өз ұрпағына үлгілі жол көрсете алатын адам. Ал, экономика туралы сөз қозғағанда, қазіргі уақытта озық технология өнімдерімен әлемді аузына қаратқан Оңтүстік Кореяның табандылығы мен іскер болмысын үлгі тұтуымыз керек. Кезінде соғыс зардабын тартып, қиындықты басынан кешсе де, мойымаған Корея Жапонияға жетуді мақсат етеді. Нәтижесінде ол бүгінде Жапониядан да асып кетті. Біздің санамызда осындай еңбекқорлықтың, осындай ұлттық намыстың негізі болса, біз алмас қамал қалмайды» - деді А. Смайыл.