Өйткені жүгенсіз жүргізушілердің кесірінен жүздеген жанның өмірі күн сайын жолда қиылып жатыр. Тіпті азаматтық соғыс жүріп жатқан Сирияда мұндай өлім-жітім жоқ. Дені сау адамдардың ай-күннің аманында қырылып жатқанына Елбасы алаңдаушылық білдіріп, Ішкі Істер министріне талапты күшейтуді қатаң тапсырған еді. Күтпеген жерден ширақ қимылдауға көшкен полиция қолданыстағы заңға шұғыл өзгерістер енгізіп жатыр. Қазір құжат Мәжілісте қаралуда. Соған сай енді мас күйінде тізгінге отыратындардан бөлек, адам қағып өлтірген жүргізушілер 20 жылға дейін абақтыға жабылуы мүмкін. Ал жылдамдық асырып, қарсы бағытқа шығатындар бірден 9 айға куәлігінен айырылмақ. Себебі жол апатының тоқсан пайызы осындай жүргізушілердің кесірінен орын алады екен.