Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ол Ақарыс Сейітқазыға берген сұхбатында жақында ғана 60 келіде Азия чемпионы атанған Оразбек Асылқұлов туралы пікірін айтты.
"Бұл бала жарқ етіп шықты да, көрінбей қалды. Біраз чемпионаттарда жеңісі қарсыласына кетіп, төрешілермен біраз ұрыстық. Аттарын айтпай-ақ қояйын. Төрешілер жақтан қателіктер болды. Бірақ Құдай бар. Соның бәріне берілмей, еңбек еткеніне, қиындықтарға шыдағанына Алла тағала да берді. Елден кем емес. Ертуғанда да сондай жағдай. Өзі қарапайым бала, жүрегім ауырады. Оларға шыдау керек деймін. Мүмкін, сондай сынақ беріп тұрған шығар. Оразбек шыдады, енді әлем чемпионы атанды. Бірақ, тағы да физикалық тұрғыда тағы да масса қосу керек. Кішкентай екені көрініп тұрады", - дейді ол.
Сондай-ақ, бұрынғы бас бапкер Азия чемпионатындағы нәтижеге қатысты да өз ойын айтты.
"Қараша айында міндеттеме берген кезде Азия чемпионатында екі алтын, бір күміс, бір қола медаль әкелемін деп міндеттеме берген едім. Төрехан жасөспірімнен бастап қаншама жекпе-жек өткізсе де жеңілмеген. Шаршы алаңға шығу оңай емес. Бала қаншама дайындалады, күйзелістен өтеді. Төрехан Азия чемпионатында жеңілді деп айта алмаймын. Өз ойым бойынша, көзіндегі оты бұрынғыдай емес болып көрінді. Адам темір емес, шаршайды. Мүмкін, кішкене демалу керек еді. Ұлттық құраманың барлығына болмаса да, кейбір салмақтарда екінші нөмірлерге мүмкіндік беру керек еді. Біздегі биылғы жылдың басты мақсаты - Азия ойындары. Екі олимпиадалық циклда және Азия ойындарында алтын медаль алмадық. Негізгі мақсат сол, Жапонияда өтетін Азия ойындары", - дейді Қайрат Сәтжанов.
Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың сәуір айында Төрехан Сабырхан Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатының финалында жеңіліп қалды.
Отандасымыз 70 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдегер атанды. Ақтық айқаста ол иорданиялық Зеяд Ишаишқа жол берді.