Аты аңызға айналған өңірге Қазақстан Магниткасын дамыту мақсатында сол кездегі одақтың және еліміздің әр қиырынан мыңдаған қазақ жастары комсомолдық жолдамамен келіп, жаңа кәсіп игеріп, металлургия саласын ұршықша игере бастады. Солардың алдыңғы қатарында Қазақ тау-кен металлургия институтының түлегі, біздің басты қаhарманымыз Қамза ТЫНЫШБАЕВ та болды.
- Мен Балқаш қаласына 1960 жылы 2-қыркүйекте келдім. Биыл қыркүйек айында 58 жыл толады. Оқуымды бітіріп, отбасыммен көшіп келген едім. Ол кезде Балқаш қаласы әлі жас қала болатын. Мен сол уақытта 1938 жылы 24 қарашада ең алғашқы мысты өндірген металлургтердің көзін көрдім.
Қамза Серікбайұлы бұл өңірдің шежіресін бес саусағындай біледі. Себебі, Балқаш қаласының тарихы аймақтағы алғашқы мыстың өндірілуімен тікелей байланысты.
- 1925 жылы желтоқсан айында аграрлы Кеңес Одағында елді индустриализациялау туралы шешім қабылданды, - дейді көнекөз металлург. – Сол жылдары Қазақстан бойынша 90 нысанның құрылысы басталды. Ал 1928 жылы Қоңырат кен орнына әйгілі геолог Русаков ат басын тіреп, барлау жұмыстарын жүргізді. Ал 1929 жылы бұрғылау жұмыстары басталды. Сол кезде Еңбек және Қорғаныс Кеңесі түсті металлургия саласын дамытуға қатысты арнайы қаулы қабылдады. Балқаш мыс зауыты да осы қаулы негізінде құрылды, - деп еске алады қарт металлург.
1960 жылдары Балқаштағы ең алғашқы мысты өндірген металлургтердің буыны ауыса бастады.Олардың орнын жастар басты. Қамза Серікбайұлы да солардың бірі еді. Әрине, ол кезде жаңадан келген жас маман кейінгі ғұмырын осы салаға арнайтынын және осы өңірде түбегейлі тұрақтап қалатынын білмейтін еді.
- Балқаштағы мыс өндіру зауыты жылына 150 мың тонна өнім шығаратындай етіп жоспарланған. Сол 1930-жылдары құрылған «Прибалхашстрой» ұйымы комбинат сала бастады. Ол байыту фабрикасын салумен басталды. Осылайша болашақтың технологиясы қалыптаса бастады. Бір мезетте мыс зауыты салынып жатты. Ал оны жобалау жұмысымен Кеңес Одағының 25 ғылыми-зерттеу институты айналысты,- деді Қамза ақсақал.
Қамза Серікбайұлы алғашқы металлургтермен қатар олар жұмыс істеген алғашқы агрегаттарды, көне қондырғыларды көріп, куә болған. Қысқасы табиғаты қатал өңірде ескі тәсілмен мыс өндірудің не екенін түйсінген азамат.
- Өндіріс алыбы үшін алғашқы қондырғыларды ат арбамен жеткізген. Себебі ол кезде жол жоқ болатын,- деп еске алады ардагер.
Көнекөз қарияның сөзінің жаны бар. Кейбір мәліметтерге қарағанда өндіріс жұмысына қажетті ең алғашқы материалдарды жеткізу үшін 1932 жылы Спасск қаласына 600 түйе мен ат жіберілді. Әйтседе жолдың тым қашықтығынан және аура-райының қолайсыздығынан тек 2 жануар ғана діттеген жерге жеткен көрінеді
Осы себепті қажеттілікті өтеу үшін «Қарағанды- Мойынты» темір жол тармағы салынды. Сол арқылы зауытқа керекті материалдар жеткізілді. Ал 1938 жылы 24 қарашада Балқашта алғашқы қара мыс алынды.
- Мен келген кезде Балқаш жас қала болатын. Ал адамдар кей жерлерде тек барактар мен жеркепелерде тұрды. Ал 1960 жылы мыс өндіру ісі күрт өсті.
Бұл жерге КСРО министрлер Кеңесінің төрағасы Алексей Косыгин келді және адамдарды барак пен жеркепелерден пәтерлерге көшіру үшін Балқашта қарқынды құрылыс жұмыстарын бастау туралы үкіметтік шешім қабылданды.
Қамза Серікбайұлының айтуынша, сол жылдары жас мамандар қиындықтарға қарамастан баспанамен қамтамасыз етіліп отырған.
- Балқашқа келген кезде екі айлық қызым және жұбайым үшеуімізге бір апта ішінде көлемі 11 шаршы метр болатын бөлме ұсынды. Ал жарты жылдан соң бір бөлмелі пәтер берді. Өйткені дәл сол кезде қалада құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатты. Адамдар барактар мен жеркепелерден пәтерлерге ауысты. Тұрғын үймен бір мезете мәдениет үйлері, балабақша, мектептер салынып жатты.
Қалада жылына 40 мың шаршы метр тұрғын үй салынған. Осылайша айналдырған 10 жылдың ішінде жаңа Балқаш қаласының кескін келбеті қалыптасты.
Жас маман алғаш жұмысқа кіріскен кезде Балқаштағы мыс зауытында технологияны жаңарту жұмыстары жүріп жатты.
- Алғашқы жылдары қара мыс өндірілсе кейін катодты мыс өндіріле бастады. Осылайша комбинат бай концетраттарды өңдеуді қолға алды және Одақ кезінде түсті металл өңдеудің флагманы болды әрі отандық мыстың басым бөлігін өндірді,- дейді ардагер.
Қарт металлург 1970-жылдардың ортасында балқаштық металлургтердің мыс балқытудың жаңа тәсілдерін бірнеше мәрте сынақтан өткізгенін айтады. Ал 1985 жылы сәтімен игерілген мысты сұйық ваннада балқыту үдерісін («Ванюков пеші») енгізді.
Жалпы Кеңес Одағы кезінде Балқаш кен-металлургия комбинаты мысты сұйық ваннада балқытуды бағындыруға талай жылдарын жұмсады.
Негізі бұл тәсілді игеруді алпысыншы жылдары алғаш рет қолға алған норильскіліктер екені тарихтан белгілі. Бірақ, олардың талпынысы сәтсіздікке ұшырады
«Ванюков пеші» металлургияда тың серпін берді. Мүлдем басқа көзқарас қалыптасты.Осылайша шикізатты кешенді пайдалануды одан әрі дамытуға жол ашты
Ардагер металлург Қамза Тынышбаев өзінің бар білімін, өмірден түйгенін кейінгі ұрпаққа қалдыру үшін
«Судьбы Балхашская орбита » атты кітап жазып шыққан. Ол жуырда ғана жарыққа шықты.
Дегенмен аталған естелік кітапқа ол тек өзі жайлы ғана мәлімет қалдырмаған. Онда өзімен тағдырлас адамдар жайлы, олардың еңбектегі ерен ерліктері туралы сыр шеткен. Қысқасын айтқанда металлургтердің кәсіби кітабы дейді ардагер.