Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі хабарлады.
Таралып жатқан хабарламада суреттер мен видео Нұр-Сұлтанға жақын маңдағы Талапкер ауылында түсірілгені айтылады. Онда адамдар қарға көмілген көліктерін шығарып жатыр. Сондай-ақ, Желіде қар құрсауында қалған адамдарды эвакуациялау видеосы жарияланды. Ақмола облысының әкімдігі өңірде расымен табиғат дүлейімен күрес жүріп жатқанын айтты. "Менің білуімше, суретте республикалық тасжолдың бойындағы жер. Дегенмен, бізде елді-мекендерде осындай жағдай бар және ол әлі сақталады. Тіпті ТЖ режимін жариялау керек еді, бірақ ресми растау болған жоқ. Бізде барлық техника бар, жұмыс істеп жатыр", - деді облыс әкімі аппаратының ақпараттық-ұйымдастырушылық бақылау бөлімінің бас инспекторы Мырзабек Мырзахметов.
Ол мұндай жағдай бүкіл облыс аумағында сақталатынын айтты. "Бұл тек Целиноград ауданында ғана емес. 10 жылдай болды мұндайды көрмегеніме. Бізде Нұр-Сұлтан - Щучинск тасжолынан Ақкөл қаласынан Шортандыға дейін қар басқаны есімде, бірақтасжолдың осыншама қарға көміліп қалғаны есімде жоұ", - дейді ол. Сондай-ақ, ол осы мәселенің шешіліп жатқанын айтты. "Негізгі басымдық - тіршілікті қамтамасыз ету жұмыстары үшін магистралды тасжолдарды тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, өздеріңіз білетіндей, Нұр-Сұлтан әскері қосылды. Басты мәселе - тасжолдарды тазалау, кептелістерді болдырмау, содан кейін ауыл жолдары тазаланады. Тұрғындар да көмектесіп жатыр", - деді Мырзабек Мырзахметов.
Облыстық ТЖД мәліметінше, Ақмола облысында бір түнде қаңтардың 26-нан 27-не қараған түні облыстағы тасжолдардың бойында қар құрсауында қалған 138 адам, оның ішінде 13 бала құтқарылған. Сонымен қатар, автожолдардың жабылуына байланысты Ақкөл және Бурабай аудандарындағы жылыту пункттеріне 68 адам эвакуацияланды, оның екеуі бала.