Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуге қатысушылар екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылап, ең алдымен, ұйымдасқан трансұлттық қылмыспен күресу саласы мен құқықтық-шарттық базаны кеңейту бойынша пікір алмасты.
А. Дауылбаев Сауд Арабия Елшісін ҚР Бас прокуратурасының негізгі қызмет бағыттарынан хабардар етіп, екіжақты, сондай-ақ көпжақты форматта халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты кеңейту Қазақстан прокуратура органдары қызметінің басым бағытының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі қадамдар туралы айтып, қылмыстық қудалауда адам құқығын қорғау прокурорлардың ерекше назарында екендігін атап өтті.
Тараптар трансұлттық қылмысқа қарсы күрес Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабия Корольдігінің уәкілетті мемлекеттік органдары қызметінің басым бағыттарының бірі екенін, осы кездесудің екі елдің құқықтық жүйелері арасындағы ынтымақтастықты жоғары деңгейге жеткізу жолындағы тағы бір маңызды қадам болатындығын атап өтті.
Кездесу соңында Елші еліміздің қадағалау органының басшысына жоғары құрметін білдіріп, көрсетілген жылы қабылдауға және мазмұңды сұхбатқа шын жүректен алғысын білдірді.