Әдебиеттен Нобель сыйлығының иегері Габриэль Гарсиа Маркес көз жұмды

Габриэль Гарсиа Маркес 1927 жылы Колумбияның Аракатака қаласында дүниеге келген. Колумбиялық проза жазушысы, журналист, саяси қайраткер. 1982 жылы әдебиет бойынша Нобель сыйлығының иегері атанған. Маркес колумбиялықтардың арасында алғашқы болып аталған сыйлыққа ие болған.

1989 жылы дәрігерлер оның өкпесінен қатерлі ісік тапқан. Күніне үш қорап темекі шеккен жазушының дертін осы әдетімен байланыстырған еді.

Нобель сыйлығының лауреаты Габриэль Гарсия Маркесті кремациялау рәсімі Мексикада өтеді. Бұл туралы Мексиканың ұлттық көркем өнер институты директоры Мария Кристина Гарсия Сепеда мәлім етті.

Оның айтуынша, әйгілі колумбиялық жазушымен қоштасу рәсімі Мехикодағы Көркем өнер сарайында өтеді.


Дәрігерлер Г.Маркестің неден қайтыс болғанын кейінірек хабарламақ.

Колумбия президенті Хуан Мануэль Сантостың жарлығымен колумбиялықтар Г.Г.Маркестің өліміне байланысты үш күн аза тұтады.