«АDEM» сауда ғимаратының құлап қалу қаупі бар

Жиын барысында кәсіпкерлер құзырлы орган өкілдеріне өздерінің басты көкейкесті сауалдарына қойды.

Айта кетейік, ертеңнен бастап мүлкі өртенген саудагерлердің құқығын қорғауға жедел штаб құрылмақ. Штаб болашақта салық, банк қарыздары, келтірілген шығынды өтеу мәселелерімен айналысады.

ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Құрманбаева 15 мамырда инженерлік сараптаманың қорытындысы шыққанын мәлімдеді. Оның айтуынша, «Адем» сауда ғимаратының құлап қалу қаупі бар.

«Сараптама «Адем» ғимараты құлап қалуы ғажап емес екендігін көрсетіп отыр. Қазір бұл дерек іске қосылды. Сондықтан, демонтаж жұмыстарына дейін осы жерде белілі болып отырған дәлел, айғақтарды зерттеп қалуымыз керек. Әзірге өрт бойынша, шығынды санау бойынша сараптама жасалған жоқ. Мен бәрі керемет болады деп уәде бере алмаймын. Солай етуге бар күшімізді саламыз. Ең бастысы, құжаттарыңызды түгендесеңіздер болды. Банктер де, салық органдары да құжаттарсыз жұмыс жасамайды. Оны түсінулеріңіз керек», - деді Г.Құрманбаева.

Сауда үйінің иесі «Алматы 21 век» ЖШС бас директоры Ербол Тынбаевтың айтуынша, қазір 350 саудагерге «Адем-2» сауда үйінен уақытша орын берілді.


Енді басшылық көлік тұрағының орнына салынатын жаңа ғимараттың жобасын күтіп отыр.

Айта кетейік, Алматыдағы «Адем-1» ірі сауда орнында  26 сәуірде түнгі он бір шамасында өрт шыққан болатын. Қызыл жалын 25 мың шаршы метрді шарпыды. Төтенше жағдай салдарынан 2 мың кәсіпкердің 3 мыңға жуық бутигі өртеніп кетті. Қазір аталған дерек бойынша қалалық ІІД қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.