екіншісі келтірілген материалдық шығынды алып, «АDEM» сауда үйімен ат құйрығын үзісуге ниетті.
Бүгін қос тарап баспасөз конференциясын өткізді. Талқылаудың аяғы екі жақтың дау-жанжалына ұласты.
Тараптардың бірі «АDEM» сауда үйінің басқа да бөліктерінде өртке қарсы аудит жүргізуді талап етіп отыр. Содан кейін өрттің шығуына кім кінәлі екендігі анықталады. Кінәлі тұлға заңды түрде жауапқа тартылады.
Олардың айтуынша, ғимарат сыртындағы аллюкобонд құрылыс материалы алынып тасталуы керек.
Екінші тарап бұл оймен келіспейді. Олардың айтуынша, бұл процестер ұзақ уақыт алады. Олар сауда орны әкімшілігінің жүзеге асырып отырған қолдауына ризалықтары білдірді.
«Аллюкобондты алу біздің жұмысымызға кедергі келтіріп, оны тоқтатуы мүмкін. АDEM 13 жыл бойы осы материалмен қапталып келді. Ешкім қарсы болмады. Сауда орнының әкімшілігі біздің барлық талабымызды қанағаттандырып отыр. Бізге ең бастысы жаңа ғимарат салып беріп, жұмыс орнымызды қайтарса болды», - деді жалға беруші Юлия Глотова.
Қарама-қарсы жақтың жақтаушылары олар әкімшіліктің сойылын соғып отырғандығын жеткізді.
«Олар материалдық шығынды даулауға мүдделі емес. Өйткені, олардың тауарға құжаты жоқ. Оларға тек қазір жұмыс орнын алу ғана маңызды. Ал біз шын кінәлі адамды тауып, жауапкершілікке тартқызып, келтірілген шығынды өндіруіміз керек. Мен олардың жаңа сауда орнына қызықпаймын. Өйткені, тағы да өрт қайталанбайтынына кім кепіл?!» - деді Айгүл Әбдірешева.
Айта кетейік, Алматыдағы «АDEM-1» ірі сауда орнында 26 сәуірде түнгі он бір шамасында өрт шыққан болатын. Қызыл жалын 25 мың шаршы метрді шарпыды. Төтенше жағдай салдарынан 2 мың кәсіпкердің 3 мыңға жуық дүңгіршелі өртеніп кетті. Қазір аталған дерек бойынша қалалық ІІД қылмыстық іс қозғады, тергеу амалдары жүріп жатыр.
Тергеу жұмыстары басталғалы бері «АDEM» сауда үйіндегі өртке байланысты 640 адам полицияға шағымданған. Сақтандыру компаниясының өкілдері өрттен келген шығын 5,3 млрд теңге болуы ықтимал деп отыр.