"Әділ ғана жүлдеге жақындап еді...". Қазақстандық спортшылар Бейжіңдегі Олимпиаданың бесінші күні қалай өнер көрсетті?

 Қытай астанасы Бейжің қаласында қысқы Олимпиада ойындарының бесінші жарыс күні аяқталды, деп жазады Caravan.kz медиа порталы Vesti.kz-ға сілтеме жасап. Қазақстан құрамасының қоржынына тағы да жүлде түспеді.

Қазақстандық спортшылар арасында жүлдеге Әділ Ғалиахметов жақын болды. Ол шорт-тректен 1500 метрге сайысқа түсіп, финалдық кезеңге шықты. Алайда Ғалиахметов финалда тек сегізінші орын алды. Аталған жарыста Оңтүстік Кореяның өкілі Тэ Хон Хван алтын алды. Күміс жүлде канадалық Стивен Дюбоға бұйырса, қоланы ресейлік Семен Елистратов иеленді.

Финалдық кезеңге Әділ Ғалиахметовтің жолы болып шыққанын да айта кетейік. Ол негізі жартылай финалда алтыншы орын алған еді. Дегенмен төрешілер жарыстан кейін бейнеқайталауды қарап, қытайлық Жи Вей Реннің ереже бұзғанын анықтады. Оның орнына финалға біздің отандасымыз шықты.

Бұл жарыста Қазақстан намысын Денис Никиша да қорғанан еді. Бірақ ол 1/4 финалда нидерланды елінің өкілі Ицкак де Лаатты құлатып, жарыстан шеттетілді. Орайы түскенде айта кетейік, осы жарыстың ширек финалында Олимпиада ойындарының рекорды тіркелді. Оның 2:09:2013 уақытымен венгриялық Шаолинь Шандор Лю орнатты.

Шорт-тректен Қазақстан намысын қорғаған Ольга Тихонова іріктеуден өте алмады. Ол 1000 метр қашықтыққа жарысты. Тихонова ресейлік Софья Просвирновамен соғысып, үшінші орынға жайғасты. Ал Просвирнова болса жарыстан шеттетілді.


Бүгін Қазақстанның шаңғы қоссайысында тарихи нәтиже тіркелді. Қысқы ойындарда біздің спортшы бірінші мәрте өнер көрсетті. Бірақ Шыңғыс Ракпаров трамплиннен секіруден 38, ал 10 шақырымға жарыста 41-орынды еншіледі.

Қоссайыста неміс спортшысы Винценц Гейгер топ жарды. Бұл оның осы Олимпиада ойындарындағы екінші алтыны болды. Екінші сатыда Йорген Граабак алса, үздік үштікті аустриялық Лукас Грейдер түйіндеді.

Тау шаңғысының слалом бағдарламасында ел намысын 18 жастағы Александра Троицкая қорғаған болатын. Алайда ол бірінші мүмкіндіктің өзінде-ақ жарысты аяқтай алмады.

Осы жарыста Олимпиада ойындарының сенсациясы тіркелді. Сайыстағы басты фовариттің бірі америкалық Микаэлла Шиффрин жарыстың бірінші мүмкіндігінде жолдан шығып, мәреге келе алмады. Осылайша, Шифррин екінші мәрте сәтсіздікке ұшарады. Бұған дейін ол алып слаломда да жарысты аяқтай алмай қалған тұғын.

Слалом сайысында словакиялық Петра Влхова бірінші орын алды. Сөйтіп, ол Словакия құрамасына қысқы ойындардағы алғашқы жүлдені алып берді. Күміс аустриялық Катарина Линсбергердің еншісінде болса, қола швейцариялық Венди Хольденерге бұйырды.