«Әлеуметтік саясат пен халық алдында әлеуметтік міндеттемелерді орындау әрқашан да мемлекет пен жергілікті атқарушы органдардың назарында», - деді қала басшысы аталған мекемелерді аралау барысында.
Жұмыс сапарына Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукин, «Сарыарқа» ауданының әкімі Павел Кулагин, сондай-ақ, Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек Оспанов қатысты.
Елорда әкімі алдымен Жұмыспен қамту орталығына барды. Аталған мекеме бес жылдан бері адамдарды жұмысқа орналастырумен айналысып келеді, сондай-ақ, кәсіби оқыту және қайта даярлау курстарын өткізеді.
Жыл басынан бері 3,3 мыңнан астам адам орталыққа жүгінген. Олардың жартысы жұмысқа орналастырылды, жалпы білім беру мекемесінің 218 түлегі жастар практикасына, 800-ден астам адам қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. Қала тұрғындары ай сайын өткізілетін бос орындар жәрмеңкесіне оң бағасын беруде.
Айта кетейік, өткен жылы Астана мемлекет бойынша жұмыссыздық деңгейінің ең төмен көрсеткішіне қол жеткізді, 18 мың жұмыс орны құрылды. Бүгінгі таңда Жұмыспен қамту орталығының базасында 3500 бос орын тіркелген, ал жұмыс іздеушілер саны 950 адамды құрайды. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, қазіргі кезде елордада құрылыс саласындағы жұмысшы мамандықтар сұранысқа ие, атап айтқанда, әрлеушілер, сылақшы-сырлаушылар, тас қалаушылар және т.б. Сонымен қатар, D санатындағы жүргізушілердің жетіспеушілігі байқалады. Күн сайын елордалық Жұмыспен қамту орталығына 500-ден астам адам белгілі бір мәселемен жүгінеді.
Мұнымен қоса, Ә. Жақсыбеков 2013 жылғы қараша айында ашылған Зорлық-зомбылық немесе зорлық-зомбылық қатерінің салдарынан қиын жағдайға тап болған тұлғаларға арналған дағдарыстық орталыққа ат басын тіреді. Орталық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарынан қиын жағдайға тап болған әйелдерге арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Бұл әйелдер кейіннен отбасылрына орала алады. Олардың балаларымен тәрбиешілер мен балалар психологы жұмыс істейді.
Орталықта әлеуметтік-тұрмыстық, психологиялық, медициналық және құқықтық көмек көрсетіледі. Осы күнге дейін орталық қызметіне 329 адам жүгінген: 107 әйел және 222 бала. Олардың көбі әлі де болса мекеменің психологтарымен және әлеуметтік қызметкерлерімен тұрақты байланысып тұрады, қиын кезде қолдау көрсеткендері үшін оларға алғыс айтуда.
Қаладағы маңызды әлеуметтік нысандардың бірі Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеме болып табылады. Қазіргі кезде мұнда 25-тен 102 жасқа дейінгі 298 адам тұрып жатыр: 121 мүмкіндігі шектеулі тұлға және 177 қария, соның ішінде, төртеуі ҰОС ардагері.
Мекемеде 121 дәрігер жұмыс істейді, 25 медбике мен 44 санитар тәулік бойы медициналық күтім көрсетеді. Мүгедектер оңалтудың жеке бағдарламасынан өтеді, осы мақсатта орталық барлық қажетті жабдықтармен жабдықталған. Бұдан басқа, спортқа да баса назар аударылады, мүгедектер арасында үстел теннисінен және тоғызқұмалақтан чемпиондар да бар. Мекемеде даңқ музейі ашылған, ал әжелер хоры ҰОС Жеңіс күніне дайындалып жатыр.
Айта кетейік, өткен жылы, Астанада жүз мыңнан астам адам түрлі әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған болатын.