Әділет министрі сотталғандарды жұмысқа қамтуды ынталандыру шараларын дәйектеуге тапсырма берді

Әділет министрлігінің мәліметі бойынша, бүгінде Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің қоластындағы түрмелердің негізінде "Еңбек" деп аталатын 17 РМК жұмыс істейді. Олар өнеркәсіптік және күнделікті тұтынымға арналған тауар түрлерін өндіруге бағытталған. Алайда, қазіргі жағдаймен сотталғандардың 35 проценті ғана өндірістердегі жұмыспен қамтылған. Тұтастай алғанда кәсіпорындардың кірісі 1998-жылы 250 млн. теңге болса, 2004-жылы 50 млн. теңгеге дейін төмендеді.

Қылмыстық атқару жүйесі комитетіндегілердің пікірінше, "Еңбек" кәсіпорындарында өнім мөлшерінің азаюына өнімнің бәсекелестік қабілетінің төмендігі мен жалақының мардымсыздығына байланысты сотталғандардың еңбекке деген құлшынысының жоқтығы әсер етуде. Комитет басшыларының пікірінше, жалақы жүйесін өзгерткен жағдайда соңғы проблеманы шешуге болады. Қамаудағы адамның жалақсының кем дегенде 50 процентін депозиттік шотқа аударатындай етіп бөлу керек. Ал қазір жалақының 25 проценті аударылады. Сонда ғана сотталған адамның ақша жинақтауға нақты мүмкіндігі пайда болмақ.
З.Балиеваның пікірінше, "Еңбек" РМК потенциалдық инвесторларды қызықтыра алатын екі артықшылыққа ие. Біріншіден, жұмыс күшінің құны салыстырмалы түрде төмен, екіншіден, дербес өндіріс ғимараттары бар. Министрдің пікірінше, сонымен бірге сотталғандардың кәсіби біліктілігін арттыру және оларды қайтадан оқытуға мемлекеттік мекемелерді тарту керек. Ал өнім сататын рынок аясын кеңейту үшін бюджеттік ұйымдарға арнап жиҺаздар жасау және киім тігу тәрізді жолдармен мемлекеттік тапсырыстарды орындауға болады.
Кеңес қорытындысы бойынша З.Балиева Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің басшылығына "Еңбек" кәсіпорындарын сауықтыру жоспарын жасау және сотталғандарды 90 процент жұмыспен қамту туралы тапсырма берді.