"Іс жүзінде бағдарламалық өнімдерге қатысты авторлық құқықты қорғау мәселесіне қатысты көптеген дау-дамайлар туындап жатады",- деді ҚР әділет министрінің орынбасары Серік Нұғманов заң жобасының тұжырымдамасын талқылауға арналған дөңгелек үстелде.
Қазіргі таңда бағдарламалық қамтамасыздықты пайдалануға қатысты қарым-қатынастар "Авторлық және жанама құқықтар туралы" заңмен реттеледі, деді вице-министр. "Заңда бағдарламалық қамтамасыздықтар әдеби, драмалық және музыкалық шығармалармен теңестірілген. Бірақ авторлық топшылауды қамтамасыз ететін мемлекеттік тіркеу тетігі жасалмаған",- деді ол.
"Бағдарламалық қамтамасыздық нарығында балама бағдарламалар мен бір ғана бағдарламалық өнімнің түрлі нұсқалары көбейіп, бағдарламалық қамтамасыздықтың сапасы төмендеді. Ортақ стандарт деген атымен жоқ",- деді ҚР әділет министрлігінің санаткерлік меншік құқығы жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Бекет Әлиғожин.
Б.Әлиғожиннің пікірінше, бағдарламалық қамтамасыздық саласындағы қарым-қатынастарды дұрыс реттемеу отандық ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды дамытуға септігін тигізе алмайды.