Бұл туралы жәбірленуші тарап Черновтар әулеті мәлімдеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Жоғарғы сот істі қайта қарап, екі жылға бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындаған. Нұрасыл Болаттың шетелге шығуына, клубтар мен барға баруына, ішімдік ішуіне, сондай-ақ сағат түнгі 11-ден кейін дала шығуына тыйым салынады.
Егер ол осы шарттарды бұзса, сот шартты жазаны нақты жазаға ауыстырып, ол жазасын колонияда өтеуге мәжбүр болады.
Қоғамда үлкен дау туғызған төбелес былтыр қыста болған. Атақты спортшы, әрі Мәжіліс депутатының ұлы қызды жұлқылап жатқанын көшеде көрген ерлі-зайыпты араша түспек болады.
Алайда әскери бөлімнен қашып, қыдырып жүрген сарбаз сабырға келудің орнына Черновтар отбасына жұдырық ала жүгірген. Бұған дейін қасақана денсаулыққа орта дәрежедегі зиян келтіргені үшін Тұрлыхановтың ұлы тек айыппұл арқалаған. Кейін жәбірленуші тарап апелляциялық шағым түсіріп, Нұрасыл Болатты бас бостандығынан айыруды сұрады.
"Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сот актілерін өзгертіп, Нұрасыл Болатқа екі жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Әрқайсысына 1 миллион теңгеге дейін моральдық залалдың өтемақы мөлшері өсірілді", - делінген үкімде.