Осы орайда, «АЭС Қазақстанға не береді әрі ол елдегі энергия тапшылығы мәселесін толығымен шеше ала ма» деген заңды сауал туындайды. Аталған сұраққа білікті энергетик, сарапшы Жақып Хайрушев жауап берді, деп хабарлайды Caravan.kz.
Сарапшының айтуынша, елімізде энергия тапшылығы мәселесін түбегейлі шешу үшін, бір емес, бірнеше АЭС салу керек екен.
«Қазір бізге біреу емес, бірнеше базалық электр станциясы керек. Әлемде бүгінде базалық электр станциясы қатарына көмір, газ немесе атом электр станциялары жатады. Бізде көмір қоры бар, бірақ әлемдік тенденцияларға сүйенсек, ол базалық пайдалы қазбалар тізімінен алынып тасталып жатыр. Себебі әлем қазір, өздеріңіз көріп отырғандай, жасыл экономика, экологияға көшіп жатыр, бүгінгі сөзбен айтқанда бұл тренд. Бізде электр энергиясы көмір саласына шамамен 70%-ға тікелей байланысты болып отыр. Сол себепті көмірге негізделген базалық электр станциясын салуға болады, бірақ ол кезде көптеген экологиялық шараларға тағы қыруар ақша бөлуге тура келеді. Ол дегеніміз түтінді 100%-ға тағы тазартуымыз керек деген сөз. Бүгінде әлемде мұндай технологиялар бар және оларды сынақтап өткізу керек болады. Өкінішке қарай, біз мұндай қымбат технологияларды сатып алатындай, соншалықты бай ел емеспіз. Екіншіден, газға келер болсақ, ол негізінен елімізде көп мөлшерде жоқ болып шықты, бар бірақ оны геологиялық барлау керек. Оған да миллиардтаған қаражат керек болады және ондай қаражат бізде жоқ. Сонда қалғаны тек атом электр станциясы. Иә, оның қымбат екенімен келісемін, бүгінде әлемнің ондаған елі электр энергиясын өндіру үшін, атом реакторларын салған. Сол сияқты 400-ден астам энергия блоктары мен 50-ге жуығы жақын арада қосылады деп күтіліп отыр. Бұдан нені көруге болады? Қазақстанда бейбіт мақсаттағы АЭС салу үшін барлық мүмкіндіктер жасалған, мысалы уран өзімізден, әзірге өз мамандарымыз да бар. Олардың біразы Ақтауда болса, енді бірі Курчатов пен Алматы қаласында. Сосын қазақстандықтар арасында кезінде еліміз ядролық сынақ алаңы болғандықтан, радио фобия қалыптасқан. Бірақ сол кездегі әскери атом мен бейбіт атомның айырмашылығы жер мен көктей екенін түсінуіміз керек. Мұндай бейбіт мақсаттағы атом қазірдің өзінде Финляндия, Түркия, Венгрия да бар. Міне бұл елдердің барлығы қандай дамыған мемлекеттер болса да, атом энергиясын пайдалануға жол беріп отыр. Сосын біз көміртектік бейтараптық туралы келісімге қол қойғанбыз. Оған сәйкес, Қазақстанда 2060 жылға қарай толығымен 100 пайыздық көміртектік бейтарап болуы тиіс. Яғни біз көміртекті пайдалы қазбаларды қазып, оларды пайдаланбауымыз, ал егер қолданғанның өзінде оны 100 пайыз тазалап барып, қолдануымыз керек. Бұған тағы қайталап айтамын, тек атом энергиясын пайдалану арқылы ғана қол жеткізуге болады», - деп жауап берді ол.
Сонымен бірге Қазақстанға белгілі энергетик АЭС салынып біткен күннің өзінде, ол энергия тапшылығы мәселесін толығымен жоймайтынын мәлімдеді.
«Қазір айтылып жатқан жоба негізінен бізге қажет энергияның тек үштен бірін ғана бере алады. Мен тіпті мұндай үш электр станциясы керек дер едім. Себебі сол кезде ғана біз өзіңіз айтып отырған оңтүстік, орталық, тіпті батыс аймақтардағы энергия тапшылығы мәселесін шеше алатын едік. Неге? Өйткені ел бойынша қарқынды дамып келе жатқан, бала туу көрсеткіші бойынша алда тұрған Түркістан және Маңғыстау облыстары, демек бұл облыстарда да электр тұтыну көрсеткіші көбейеді. Меніңше Қазақстанға тіпті бұдан он жыл бұрын АЭС құрылысын қолға алу керек еді», - дейді маман.
Одан бөлек сарапшы АЭС құрылысында қай елдің тәжірибесіне сүйену керектігін атап өтті.
«Мен саясаткер емес, энергетик ретінде тәжірибеммен мен фактілер негізінде түсіндіріп өтейін. Расымен де қазір бізге Ресейдің АЭС салып беруінің көлеңкелі тұстары көп болуы мүмкін. Бұған, өздеріңіз білесіздер, Ресейдің Украинаға соғыс жариялануының, ал Батыс елдері мен АҚШ-тың Ресейге санкция салуы себеп болып отыр. Менің болжамым бойынша, Росатомға да осы мәселеге қатысты санкция салынуы әбден мүмкін. Сондықтан біз арыдан ойлауымыз керек. Осыған байланысты бізге басқа елдердің тәжірибесіне сүйенген дұрыс. Маған өзіме АЭС-ті кәрістер салған дұрыс деп ойлаймын. Себебі олар тұрақты әрі сапалы салады. Мұны әрине біз емес, Үкімет өзі шешетін болады. Біз тек сарапшылар ретінде осыған қатысты пікірімізді, өз ұсынысымызды ғана айта аламыз. Ал ең дұрысы консорциум құру. Ондайда турбинаны бір ел, реакторды басқа ел, электрониканы тағы үшінші ел әкелетін болады. Сонда біз барлық үш елдің ішінде тек үздіктерін ғана алатын едік, бірақ тағы қайталап айтамын, мұны тек Үкімет шешеді», - деді ол.
Жақып Хайрушев, сонымен бірге, Қазақстандағы АЭС құрылысы үшін, не себепті Алматы облысы таңдалып алғанын жеткізді.
«Біріншіден, әрине техникалық мақсаттарға байланысты. Себебі ол елдің орталығы және онда барлық инженерлік коммуникациялар бар. Біз инфрақұрылымның өзі қымбат екенін естен шығармауымыз керек қой? Олар подстанциялар, жолдар, электр тасымалдау желілері және т.б. Мұның барлығы қосымша шығындар ғой? Бізде тіпті су қоймалары да аз, бірақ орталықта Балқаш бар. Міне осы мәселелердің барлығының шешімі тек АЭС салу», - деп сөзін қорытындылады маман.