А.Есімов: 2022 жылғы Қысқы Олимпиаданы Алматыда өткізу өтінімі бойынша белсенді жұмыс атқару керек

Бұрын хабарланғанындай, 7 шілдеде Халықаралық Олимпиада комитетінің Атқарушы комитеті 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы өздерінде өткізу мүмкіндігіне ие бола алатын үміткер қалалар ретінде Алматы, Осло және Бейжіңді ресми түрде бекіткен болатын.

Жиын барысында қазақстандықтардың Олимпиада ойындарын Алматыда өткізуді қолдайтындықтары аталып өтті. «Паблик Опинион Бюро» Халықаралық сараптамалық агенттігі жүргізген сауалдар қорытындысы бойынша азаматтардың басым көпшілігі 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізуге қолдау білдірген.

Отырыс барысында Ұйымдастыру комитеті мен оның атқарушы органының ұйымдастыру-құқықтық формасын анықтау мәселесі талқыланды. Жұмысшы тобы Қазақстан Үкіметіне Ұйымдастыру комитенің құрамы мен комерциялық емес Корпоративті Қор құру жөніндегі өз ұсыныстарын жібереді.

Алматы әкімі 2022 жылғы Қысқы Олимпиада астанасы тура бір жыл өткен соң анықталатындығын, оның Малазияның Куала-Лумпур қаласында 2015 жылдың 31 шілдесінде жарияланатындығын атап өтті. Сондықтан Ахметжан Есімов жиынға қатысушыларға «Алматы-2022» өтінім білдіру компаниясының екінші кезеңінің жұмысын барынша жандандыра түсуді тапсырды.

Отырысқа мемлекеттік және жекеменшік спорт нысандарының басшылары да қатысты. Барлық спорт нысандарының, студенттік спорттың халықаралық Федерациясының (FISU) және Халықаралық Олимпиада Комитеті талаптарының стандарттары мен нормаларына сай болуы тиіс екендіктері атап көрсетілді.


«Қазір атқарылуы тиіс барлық жұмыстар тізімі жасалып, олар қысқа мерзім ішінде орындалғаны жөн. Алматыда өтетін барлық ірі халықаралық жарыстарды FISU мен ХОК-нің сарапшылары бақылайтын болады», - деді сөз соңында Ахметжан Есімов.