Бишімбаевтың колонияға қашан аттанатыны белгілі болды

24 жылға сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаев әлі колонияға түскен жоқ. Бұл туралы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Теңізжан Жәнібеков айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.

«Сотталған Бишімбаев әлі колонияға кеткен жоқ. Бүгін-ертең осы мәселе шешіліп, ол түрмеге түседі. Ол қауіпсіздігі жоғары колонияға аттанады», - деді Жәнібеков Орталық коммуникациялар қызметінің брифингісінде.

Ол Қуандық Бишімбаевтың абақтыда қандай жұмыс істей алатынын түсіндірді.

«Сотталғандарды жұмысқа орналастыратынымыз рас. Бізде әртүрлі жұмыс бар. «Еңбек» РМК жұмысқа тұрып, ағаш және темір өңдей алады. Бәрі бос жұмыс орнына байланысты. Колонияға түскен соң ол 15 күн карантинге түседі. Одан кейін тиісті отрядқа барады», - деді Жәнібеков.