Ағылшындық компания Жамбыл облысында күн электр стансасын салуға көмектеседі

«Жасыл энергетика» бойынша келісім қатысушылары «Тараз» ӘКК» АҚ, «Самұрық Қазына Инвест» ЖШС, Жамбыл облысының әкімдігі және ағылшынның  «UG Energy Limited» компаниясы болды. 2014 жылғы маусымда Жуалы ауданында қуаты 50 МВт күн электр стансасының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Жаңадан құрылған «Бурное Солар-41» ЖШС нысанды осы жылдың соңына дейін аяқтайды деп күтілуде. Өңір әкімінің баспасөз қызметінен түсіндіргендей, Қазақстанда 2009 жылы «Қайталама энергия көздерін қолдау туралы» Заң шыққаннан бері Жамбыл облысында қайталама энергия көздерінің 5 нысаны пайдалануға берілді. Бұлар - алғашқы қуаты 504 КВт Орталық Азия өнеркәсіптік күн электр стансасы (Отар КЭС), Қордай асуындағы қуаты 1,5 МВт Қазақстандағы тұңғыш өнеркәсіптік жел электр стансасы (ЖЭС), Тасөткел су қоймасындағы қуаты 9,2 МВт Қазақстандағы  шағын ГЭС, Мерке ГЭС-і (1,5 МВт), Т.Рысқұлов ауданындағы Қарақыстақ ГЭСІ (2,3 МВт), Аймақта жалпы қуаты 188 МВт қайталама энергия көздері құрылысы жүргізілуде. 2014 жылы қуаты 4 МВт Қордай жел энергиясы стансасын салып пайдалануға беру және 2014-2015 жылдар ішінде оның қуатын 21 МВт-ға дейін кеңейту көзделіп отыр.

Сондай-ақ Жаңатаста, Жамбыл ауданында, Мерке ГЭС-інде осындай күн және жел энергиясы стансаларын салу жобасын іске асыру жөнінде инвесторлармен жұмыс жүргізілуде. Бұл жобаларды жүзеге асыру облыстағы электр энергиясы өндірісінің жалпы көлемінде «жасыл энергия» үлесі 40 пайызға дейін өседі, деп нақтылайды облыс әкімдігі.